Қайыр еткеннің сауабы Алладан. Сарыағаш аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары аз қамтылған және көмекке зәру отбасыларға қол ұшын созды. 3 жас кәсіпкер 20 отбасыға тегін азық-түлік таратты. Аталмыш акция ел аумағындағы төтенше жағдай кезінде халыққа көрсетіліп жатқан көмектің әлқиссасы ғана.
Бұл туралы «On’tu’stik» телеарнасының тілшісі Г.Қалмырзақызының материалына сілтеме жасаған «DIDARBEK.kz» хабарлайды.
Дүниені дүрліктірген дерттен бас аман, бауыр бүтін шығу басты мақсат. Саусақ бірікпей, ине ілікпейді деген. Осыны ескерген Сарыағаш аудандық жастар ресурстық орталығы қарпайым халыққа қол ұшын созуды жөн деп тапты. Сөйтіп, «Мейірімді көршілер» атты акция ұйымдастырды.
Акцияға атсалысып, атымтай жомарттық танытқандар 3 жас кәсіпкер. Олар Жантас Андасбаев, Ахан Рахымбердиев және Мұхтар Мияновтар. Үшеуі де Сарыағаш ауданының тұрғындары. 25 келі ұн, 2 қалташа макарон, май, қызамық пастасы, күріш және гигиеналық заттар. Қайырымдылық шарасының шарапатын көрген отбасының 5-уі Сарыағаш қаласының тұрғындары. Бірінің бағушысы болмаса, енді бірі еңбекке жарамсыз.. Карантин кезінде шықпа жаным, шықпа деп, үйде отырған олардың жомарт жандарға алғысы шексіз.
Акция Сарыағш қаласы, Қызылжар, Қабланбек және Құркелес ауыл округтерін қымтыды. Жалпы 20 отбасыға дем берген жоба жалғасады, дейді ұйымдастырушылар.
© DIDARBEK.kz