Қазақстан Республикасының энергетика министрі Ерлан Ақкенженов елімізде мұнай-газ химиясы өнімдерін терең өңдеу саласында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелерін және 2025 жылға арналған жоспарларды БАҚ өкілдерімен кездесу барысында баяндады. Министрдің айтуынша, осы саладағы өнім өндірісі 12%-ға артып, еліміздің мұнай-газ химиясы саласы сыртқы нарықта елеулі орын алуда, — деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шикізатқа тәуелділікті төмендету және экономиканың әртараптандыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыс нәтижелері айтарлықтай. Қазақстан мұнай-газ химиясының негізгі өнімдерін шығару көлемін арттырып, терең өңделген полипропилен, бензол, және параксилол сияқты өнімдерді жүйелі түрде экспортқа шығарып келеді. Бұл сала елдің шикізат емес экспорт көлемінің негізгі драйверлерінің біріне айналып отыр.
Министр Ерлан Ақкенженов өз сөзінде: «Мұнай-газ химиясындағы өнім өндірісінің көлемі 12%-ға өсті. Қазақстан терең өңделген полипропилен, бензол және параксилол сынды өнімдерді сыртқы нарықтарға жүйелі түрде жеткізуді бастады», — деп атап өтті.

Сала дамуының басты бағыты — әлемдік деңгейдегі мұнай-химиялық кешендердің құрылысын бастау болып отыр. Атырау облысында полиэтилен зауытының болашақ пиролиз қондырғысының құрылысы 30%-дан астам орындалды. Бұл жобаның іске асуы Қазақстанды әлемдік мұнай-химия нарығында бәсекеге қабілетті ойыншы етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Павлодарда алкилат шығаратын кәсіпорынның құрылысы басталды, бұл тағы да ел экономикасының мұнай-газ химиясы саласындағы әлеуетін арттыруға септігін тигізетін маңызды қадам.
Қазақстанның мұнай-газ химиясы саласының болашағы жарқын, және үкімет 2025 жылға қарай бұл сектордағы өнім өндіру көлемін одан әрі арттыруды жоспарлап отыр. Аталған жобалар экономикалық өсімді қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын ашу және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға бағытталған маңызды шаралар болып табылады.
© Didarbek.kz