Төлеби ауданы, Ленгір қаласында орын алған селдің зардаптарын жою жұмыстары жалғасуда, деп жазады Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған DIDARBEK.kz ақпараттық агенттігі.
Төлеби ауданы Ленгір қаласында қатты жауған нөсерлі жауын-шашын салдарынан «Ленгір» өзенінде судың көтерілуінен орын алған су басудың зардаптарын жоюға 7 мамыр күні аудан әкімі Б.Омарбековтың бастамасымен 300 астам азаматтардан құралған 4 жұмысшы топ таңғы сағат 8-ден бастап кірісті.
Қазіргі таңда жұмысшы топ құрамы «Ленгір» өзені бойындағы көшелер мен тұрғын үй аулаларын лай көшкіндері мен қоқыстардан тазарту жұмыстарын атқаруда. Ұйымдастыру жұмыстарына 33 арнайы техникалар тартылды.
Қазіргі таңда ажыратылған 121 абонент қалпына келтіріліп, табиғи газға қайта қосу жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, Көршілес Сайрам, Түлкібас ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері көмектерін ұсынуда. Ең маңыздысы адам және мал шығыны жоқ.
Сонымен қатар, Төлеби ауданы әкімдігінен бөлек, бейресми ақпараттарға бой алдырмауды сұраймыз. Мәліметтер тұрақты түрде ұсынылады.
© DIDARBEK.kz