Бүгін ANTIKOR ORTALYǴY-да Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Асхат Жұмағали ағымдағы жылдың 9 айындағы Департамент жұмысын қорытындылады.
Онлайн брифинг барысында А. Жұмағали мемлекеттік органдардың ашықтығы мен қолжетімділігіне, оның ішінде бюджеттік жүйенің транспаренттілігіне тоқталды.
«Әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымдардың бюджетін пайдаланудың тиімділігін бағалау мақсатында «Ашық бюджет» жобасы іске асырылуда.
Бұл жоба алғаш рет халық үшін бюджет шығындары туралы маңызды мәліметтерді қолжетімді әрі түсінікті етіп жасады және қоғамдық бақылаудың тиімді тетігіне айналды» — деді спикер.
Карта нақты уақыт режимінде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт объектілерін және басқа да мекемелерді күтіп ұстауға, сондай-ақ оларды салу мен жөндеуге бөлінген бюджет қаражаты туралы қолжетімді мәліметтерді көрсетеді.
Интернет-ресурс бөлінетін сомалар, объектілер құрылысының мерзімдері, кепілдік міндеттемелер және құрылыс жайында ақпаратқа қолжетімділікті ашады.
Асхат Жұмағали атап өткендей, кез-келген азамат publicbudget.kz сайтына кіру арқылы осы процестерді талдап, оларды құжаттамамен салыстырып, кемшіліктер анықталған жағдайда уәкілетті органға хабарлай алады.
Қазіргі уақытта картада Шымкент қаласының 398 ұйымы орналастырылып, 867 млрд. теңгеден астам сомаға 391 бюджет құрылған.