Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Құқық » Сыбайлас жемқорлық – бұл қылмыс!

Сыбайлас жемқорлық – бұл қылмыс!

Пара – қоғамның дамуына барынша кедергі келтіретін ең үлкен жамандықтың бірі. Парақорлық – кешегіміздің кемелденуіне кедергі болып, бүгініміздің бүлінуіне жол ашып, ертеңіміздің еңселі болуына тосқауыл болатын апат. Адалдықтың арынын басып, жақсылықтың жолын жауып, ізгіліктің ірге көтеруіне кері әсер ететін де осы парақорлық. Тарих көшіне көз салсақ, параға болмысымен қарсы текті бабаларымыздан талай-талай үлгілі өрнек қалған. «Парақор биге, ісің түспесін, Сараң үйге кісің түспесін», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», «Атасыздан би қойсаң, Босанбас аузы парадан» деген нақыл сөздер- осыған дәлел.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  2020 жылы 1 қыркүйекте жариялаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдерін енгізген жөн деп санаймын»-деп баса айтып,  жемқорлықпен күресудің жаңа бағытын көрсетті.

«Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жазаны қатайту тұрғысынан Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізу керек»-деп алдағы уақытта қолға алынатын шаралардың басты бағытын айқындады. Пара алушы да, пара берушіде  қатаң жазаланады, сондай-ақ «сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайды»-деп атап өтті.

Осылайша  еліміздің дамуына, өркендеп, көркеюі жолында тұсау болатын парақорлықты  жою жолында аянбай еңбек етуді тапсырды. Сондақтан да сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін өрт сөндіру бөлімінде де сыбайластыққа қарсы күресті нығайту мақсатында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, «Нұр Отан» саяси кеңес Бюросының, мемлекеттік кіріс басқармасының өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстелдер, семинарлар, лекциялар өткізілуде.Бұл бағытта жұмыстар жалғасын табуда.

Біз еліміздің өркениет көш-керуенінің алдына шығып, әлем назары түсер жұрт болғанын жан-ділімізбен қалаймыз. Біз әлем мойындаған Қазақстанның арлы азаматы ретінде парақорлыққа қарсымыз.

 

Қ.КӨЛБАЕВ,

Шымкент қаласындағы

№5 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары,

азаматтық қорғау капитаны.

 

Пікір жазу