Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Құқық » Іс қағаздар мемлекеттік тілде

Іс қағаздар мемлекеттік тілде

Еліміздің тәуелсіздік алуымен бірге қазақ тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды. Қазақ тіліміз дамып, оның қоғамдық маңызы арта түсті. Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» заңының 4-бабында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» делінген.   Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты төрағасының 2009 жылдың 27 ақпанындағы «Іс-қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру туралы» №36 өкімі республикамыздың барлық соттарында қолданылады. Қазір іс қағаздарын жүргізу номенклатурасына сәйкес жүргізілетін кітаптар, есептік карточкалар, сот тәжірибесінің талдаулары, жедел кеңес және семинар сабақ хаттамалары, жоғары сатыдағы соттармен және басқа да мемлекеттік мекемелермен хат алмасу тек мемлекеттік тілде жүргізіледі. Сонымен қатар сот ғимаратында  ілінген үлгі, ережелерден бастап, ілеспе хаттар, шығыс құжаттары, ішкі қызмет тілі, барлық жұмыс жоспарлары, ұйымдастырылатын іс шаралар, түгелдей дерлік қазақ тілінде жүзеге  асырылуда. Қазіргі заман талабына сәйкес Қазақстан Республикасы сот органдарының бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесімен жұмыс істеу кең ауқым алып отыр. Осы бағдарлама бойынша сот кеңсесіне келіп түскен құжаттардың қай тілде болғанына қарамастан, тиісті ұяшықтарды мемлекеттік тілде толтыру қалыптастырылды.

Қағаз немесе қағазға жазу көне дүниеден бергі адамзат жетістігі болып саналады және ол өз өзектілігін жойған жоқ. Төрт дүниенің түгел мемлекеттері қағазға жазу арқылы құрылды, дамып, гүлденді. Бүгінгі цифрлық форматқа көшкен қоғамда да қағаз құжаттар аса тиімді басқару, оқып, білім алу, ақпарат алмасудың негізгі тетігі болып келеді.

Бүгінгі әңгіме біздің қоғамымыздағы құжат айналымының сот саласына қатысты мемлекеттік тіл мен ресми тілдік арақатынасы туралы болмақ. Мемлекеттік тілдің ұлттың ана тілі екендігіне қарамастан, сот саласында ресми орыс тілін пайдалану деңгейінің тым жоғарылығы алаңдатады. Әрине, сот ісін жүргізу барысында арызданушының тілге қатысты қалауы ескеріледі, дегенмен осы тұста ресми тілге жол берушілік аса жоғары.

Сот ісінде деректер мен дәйектер, нақты дәлелдер мен айыптаулар, сондай-ақ үкімдер, бұйрықтар т.с құжаттар қағази құжаттармен жүргізіледі. Қыруар іс-әрекеттердің басым көпшілігі ресми орыс тілінде толтырылуы ана тіліміздің еркіндігіне, қолдану сапасына зор кедергісін тигізетін секілді. Сот мамандарының да немесе сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде де көптеген қызметкерлер мен мамандардың ресми тілге бейімдігі, мемлекеттік тілде біле тұра ресми тілге басымдық беруі қоғам шындығы.

Бұлай деуімізге Еңбекші аудандық сотында өткен 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы іс-қағаздары мен ақпарат алмасуда мемлекеттік тілде бұл көрсеткіштердің саны едәуір өскені байқалады. Яғни, бұл жағдай біздің қоғамымызда ана тіліміз өзінің мемлекеттік әлеуетін құжат жүзінде арттыруға мүмкіндік жасалуда екенін көрсетеді.

Барша ресми құжаттар, деректер беру мен алу, құжат айналымы, сот ісін жүргізу, шешімдер шығару қазақ тілінде жүргізілмей мемлекеттік тіл мәртебесі мешеу қала бермек. Мұны барлық салалар, мемлекеттік мекемелер мен сонда қызмет жасайтын басшыдан бастап барша қызметкер түйсініп, ана тілінің қолданысын қолдауы керек.

Аудандық сот орны бұл жағдайға жіті қарап отыр. Сондықтан, негізгі құжаттарды мемлекеттік тіл негізінде жүргізу – бүгінгі күннің талабы етіп келеміз.

Ана тілімізді арытпайық, ел болып дамытайық!

 

Майя ШЕРТАЕВА,

Шымкент қаласы, Еңбекші аудандық сотының судьясы.

 

 

Пікір жазу