Түркістан облысы, Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов Аққойлы ауылына сапарында іргетасы XIX ғасырдың басында қаланған сәулеттік ескерткіш – «Ишан базар» мешітінде болып, тарихи нысанның қазіргі жай-күйімен танысты.
Сондай-ақ мешіт іргесіндегі мәдени мұра – көне қыш күйдіру орнын қайта қалпына келтіру бойынша сала мамандарымен кездесті.
Нәтижесінде аудан басшысы жауапты мекеме басшыларына облыстық Мәдениет басқармасымен бірлесе отырып, Мәдениет және спорт министрлігіне арнайы хат жолдауды жүктеді. Әрі «Ишан базар» мешітін реставрациядан өткізуге бюджеттен қаржы сұрауды тапсырды.
Тарихи деректерге сүйенсек, ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған тарихи ескерткіш – Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің қабырғасына қаланған қыштар осы Аққойлыдағы мешіт іргесінде күйдірілген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі