Түркістан қалалық орталық кітапхана мен Түркістан қалалық мәдениет үйіне қарасты Бірлік клубымен бірлесе отырып «Бір ел –бір кітап» акциясы аясында «Тіл байлығы –ақыл байлығы» атты тақырыпта әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды.
Бұл кеш ағартушы, ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай өтті. Оған зиялы қауым өкілдері мен оқырмандар қатысты. Кештің мақсаты — жастарды тіл туралы мағлұматтармен бөлісу, ана тілге деген құштарлығын ояту.
Аталған шараға Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы, Түркістан қалалық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдіхан Әбдіқадыров, Өзбек этно-мәдени орталығының төрағасы Баходир Ирисметов, Түрік этно-мәдени орталығының төрағасы Хусейн Медетов қатысып, тіл туралы өз ой–пікірлерін білдірді. Сондай-ақ, Түркістан қалалық мәдениет үйінің әншілері Райым Бақытұлы «Қазақстан», Ұлжалғас Шілдебаева «Қазақ елі», Мұрат Нұрмахан «Біз түрікпіз» мәдениет ұйымдастырушысы Көлбаева Ақмарал «Асыл арман», дәстүрлі әнші Тұрыскелдиева Майгүл «Бұлқынды жүрек» атты әннен шашу шашты. Ал №26 Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ІТ мектебінің оқушылары жыр шумақтан жатқа мәнерлеп оқыса, №26 Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ІТ мектебінің қазақ тілі маманы Унгарбаева Балагүл мен №27 Әйтеке би атындағы жалпы орта мектебінің қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Әсембаева Зұлфия тіл туралы қысқаша мағұлмат беріп өтті. Кеш соңында оқырмандар «Тілім менің –дінім менің» атты кітап көрмесімен танысты.
Одан бөлек, №6 кітапхана -филиалының ұйымдастыруымен «Бір ел-бір кітап» акциясы аясында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай мектеп оқушыларының қатысуымен «Ұлттың ұлы ұстазы» атты әдеби сағат болып өтті. Әдеби сағат барысында оқушылар ұлы ғалымның ғылыми еңбектері мен өмір жолы туралы айтып өтті. 9 «ә» сынып оқушылары Рустемова Шахсанам, Пахриддинова Дурдона, Анарбаева Дилнура, Джалилова Феруза Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдерін мәнерлеп оқиды. Кеш соңында Е.Иззатуллаев жалпы орта мектебінің қазақ тілі пәні мұғалімі Адилова Насиба Ахмет Байтұрсынұлы туралы кеңірек әңгіме айтып,тың деректерімен бөлісті. Мақсаты Ахмет Байтұрсыновтың шығармашылығы, кітаптары, ғылыми еңбектері туралы мағлұмат беру. Ақын өмірін оқушыларға үлгі ете отырып, өз елін сүюге, оның көркеюіне үлес қосуға тәрбиелеу.
Сонымен қатар №9 кітапхана – филиалы «Қазақ әліпбиінің атасы» атты портреттік кеш, №1,2 кітапхана-филиалдары «Қазақ әліпбиінің атасы» атты тақырыптық кеш ұйымдастырды.