Қазығүрт ауданы жаңабазарлық шаруа жоңышұа ұрығын тазалап сатуды кәсіпке айналдырған, деп жазады аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Жоңышқа – бұршақ тұқымдасына жататын бір жылдық және көп жылдық шөптесін өсімдік. Дәл осы өсімдіктің Қазақстанда 18 түрі өседі. Сабағы тарамданған, жапырағы үш құлақты, ұзынша келген, бұтақты түп құрады. Биіктігі 40 – 80 сантиметрге жетеді. Жоңышқа – республикамызда көп өсірілетін мал азықтық дақыл екені баршамызға мәлім. Сондықтан, ежелден мал шаруашылығын күн көріс ретінде алғашқы орынға қоятын халқымыз үшін бұл өсімдік тектес шөптің алар орыны ерекше.
Бүгінгі таңда Түркістан облысы бойынша жоңышқа егіп өсіріп, мал азығына жаратып немесе сатумен айналысып отырған шаруалар саны көп. Дегенмен, сол жоңышқаның тұқымын орып, тазалап, әрі өндіріп отырған, сонымен қоса оны сатып, табыс тауып жатқан кәсіпкер-шаруалардың саны саусақпен санарлық қана. Соның бірі Қазығұрт ауданы Жаңабазар ауыл округінде орналасқан «Жаңабазар агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Көкішев Серік атты кәсіпкер. 120 гектар егістік жері бар атаулы серіктестік алғаш 2016 жылы құрылып, бүгінгі таңда жоңышқа егумен және тұқымын өндірумен айналысады. Өнім өндіру үшін арнайы «Педкус — 218», «Педкус — 290» секілді препараттары мен техникалары да бар. Кәсіпкердің айтуы бойынша күніне 5 тоннадай жоңышқа ұрығы тазаланып өңделеді. Сондай-ақ, жоңышқа ұрығы сатылымға да шығарылады.