Түркістан облыстық білім басқармасына қарасты аудандық білім бөлімдерінде апта ішінде бірқатар ісшаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда:
ТӨЛЕБИЛІК ОҚУШЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНКУРСҚА ЖОЛДАМА ЖЕҢІП АЛДЫ
Түркістан облысының дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығының ұйымдастыруымен өткен «Менің кіші Отаным» атты облыстық интеллектуалдық конкурста Төлеби ауданындағы Нысанбек жалпы білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Аружан Анартай (жетекшісі Динара Теңгебаева) «Менің кіші Отанымның тарихы» номинациясы бойынша І орынды жеңіп алды. Облыстық байқаудың жеңімпазы ретінде Аружанға республикалық конкурсқа жолдама беріліп, үлкен үміт артылды.
Айта кетерлігі, Аружан Анартайдың облыстық конкурста бейнефильм форматында қорғалған, Нысанбек елдімекенінің тарихына, географиялық ерекшеліктеріне арналған құнды зерттеу жұмысы қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланды.
«БІЗ ЖАУЫНГЕР» САЙЫСЫНДА БАС ЖҮЛДЕНІ ИЕЛЕНДІ
25-қазан Республика күніне орай жас сарбаздар арасында ұйымдастырылған «Біз жауынгер» сайысының облыстық кезеңіне Арыс қаласының білім бөліміне қарасты М.Әуезов атындағы мектеп-гимназия және №32 Ә.Жангелдин, И.Журба, С.Адамбеков, С.Қожанов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары қатысты.
Сайыс мақсаты — жастардың патриоттық және ұлттық идеологиялық әрекеттерге және жасөспірімдерді ҚР Қарулы күштеріне деген құрметін, жан-жақты әскерге дайындауда оң пікір қалыптастыруға тәрбиелеу.
Нәтижесінде қатысушылар, республикалық кезеңге жолдама алды.
КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТІ «СӘЛЕМ, ТҮРКИЯ» ФЕСТИВАЛІНЕ ЖОЛДАМА ЖЕҢІП АЛДЫ
Шымкент қаласында «Атадан-мұра» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен бүлдіршіндер, мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасында «Ұлы дала ұрпағы» республикалық байқауы болып өтті.
Байқауға Астана, Алматы, Қызылорда, Шымкент, Сарыағаш тағы басқа облыстар мен қалалардан дарынды жастар қатысып, өнер түрлерінен бақ сынасты.
Байқауға Түркістан облысы білім басқармасына қарасты Сарыағаш қаласындағы Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжінің 1 курс студенті Аршабай Ақбота көркем сөз өнері бойынша қатысып, қараша айының 1-5 аралығында өтетін «Сәлем, Түркия» халықаралық музыкалық фестивальіне жолдама және Астана қаласында өтетін суперфиналға жолдама жеңіп алды.
Байқауда ол анасы Зульфия Смайлованың «Наурыз» атты төл шығармасын оқыды. Ал, Ақботаны осы өнер додасына дайындаған жетекшісі А.Есқараева арнайы «Алғыс хатпен» марапатталды.
ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТАНЫМДЫҚ МҮМКІНДІКТЕРІН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ОҚЫТУ СЕМИНАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
Қазығұрт ауданының білім бөліміне қарасты Жамбыл атындағы жалпы білім беретін мектебінде «Оқу сауаттылығы: жазбаша мәтіндерді түсіну, рефлексия жасау» тақырыбында облыстық оқыту семинары өтті.
Оқыту семинарын Түркістан облысы білім басқармасының «Білім беруді дамыту орталығының» қазақ тілі мен әдебиеті пәні әдіскері А.Аблаева жүргізіп, нұсқаулықтармен таныстырды. Облыстық оқыту семинарына Жамбыл атындағы жалпы білім беретін мектебінің директоры Н.Нахипов, оқу орынбасары Н.Мамыхова, аудандық білім бөлімінің әдіскері А.Калдыбаева мен 4 және 9-сыныптарға оқу сауаттылығынан (қазақ тілі және әдебиеті пәнінен) сабақ беретін 2023-2024 оқу жылында ББЖМ-ға түскен 37 мектептің мұғалімдері қатысты.
Семинар мақсаты — бастауышты аяқтаушы 4 сынып пен негізгі сыныпты аяқтаушы 9 сынып оқушыларын оқу жетістігін сырттай бағалауға дайындау және олардың танымдық мүмкіндіктері мен оқу жетістігі деңгейлерінің көтерілуіне ықпал етуді ұстаздар қауымына түсіндіру.
Қорыта айтқанда, облыстық оқыту семинары өз деңгейінде өтті.
СОЗАҚТЫҚ КІТАПХАНАШЫ ҰСТАЗДАР «COWORKING» ОРТАЛЫҒЫН АШТЫ
Созақ ауданы, Ләнде Бөкенов атындағы жалпы білім беретін мектеп кітапханашылары Г.Оспанова, Г.Қорабекованың ұйымдастыруымен мектеп кітапханасының жанынан «Coworking» орталығы ашылды.
Мақсат – кітапхана оқырмандарын, әсіресе жастарды көбірек тарту. Білім ордасындағы рухани орталықтың ашылу салтанатына мектеп директоры Қ.Зулхарнаева, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары А.Асылханов, Б.Абдрахманов және директордың ғылыми істері жөніндегі орынбасары Н.Сыдықовалар қатысты.
Кітап мекенін салтанатты түрде ашу рәсімі мектеп директоры Қ.Зулхарнаева мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Ақылбаевқа берілді.
Жаңаша безендіріліп, өзгеше жабдықталған орталық оқушылардың тұрақты ортасына айналарына сеніміміз мол.
ГЕОГРАФИЯ ПӘНІНЕН ҰЛТТЫҚ ОЛИМПИАДА ӨТТІ
Түркістан облыстық дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығының 2023 жылғы 26 қыркүйектегі №2-2/1827 санды хатына сәйкес, «National Geographic Qazaqstan» журналы редакциясының қолдауымен Мақтаарал ауданының білім бөліміне қарасты жалпы білім беру мектептерінің 7-8 сынып оқушылары арасында география пәнінен Ұлттық Олимпиаданың аудандық кезеңі өткізілді.
Қатысушылар өздерінің ізденімпаздығы мен қызығушылығы арқылы географиялық білімнің, дағдылардың және географиялық зерттеулерге белсенділік сапасына назар аудара отырып, олимпиадаға белсене қатысты.
Қорытынды нәтижелері бойынша жүлделі орындарға ие болған 7-сынып оқушылары Абылайхан атындағы жалпы білім беру мектебінен Абдулин Әбуәлі, Қ.Аманжолов атындағы жалпы білім беру мектебінен Қонысбек Нығмет және 8-сынып оқушылары Қ.Мүсірепов атындағы жалпы білім беру мектебінен Жеңісбек Анелия, Алтынсарин атындағы жалпы білім беру мектебінен Туленбай Назерке олимпиаданың облыстық кезеңіне жолдама алды.
Оқушылардың жеңістері құтты болсын!
ТҮРКІСТАН: САУРАНДА Қ.БЕГМАНОВ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ
Сауранда Қасымхан Бегманов атындағы мектеп-гимназия кешені ашылды. Мектептің ашылу салтанатына ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жастар одағы сыйлықтарының лауреаты, ҚР Жазушылар одағының орынбасары, Түркістан, Кентау қалалары мен Сауран ауданының Құрметті азаматы Қасымхан Бегманов, филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, сыншы Әрмиябек Айт, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, республикалық «Түркістан» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Эльвира Момынова, Сауран ауданы әкімінің аппарат басшысы Қуандық Құлажанов және зиялы қауым өкілдері, жергілікті тұрғындар мен мектеп оқушылары қатысты.
Мектептің ашылу салтанатында сөз алған азаматтар Қасымхан Бегмановтың шығармашылығына тоқталып, жаңа білім ошағына сәттілік тіледі. Өңір өнерпаздары ақынның сөзіне жазылған және тағы басқа әндерден шашу шашып, мың бұралған бишілер өнер көрсетті. Ал мектеп оқушылары қаламгердің өлеңдерін жарыса оқыды.
Концерттік бағдарламадан соң қонақтар мектеп ішін аралады.
Сонымен қатар, Шаға ауылдық округінде 200 орынға арнап салынған екі қабаттан тұратын бөбекжай-балабақша ашылып, бүлдіршін-бөбектерді қуанышқа кенелтті. Заманауи жабдықталған білім ошағы жеке кәсіпкер Дүйсенбай Серікбайұлының қаржысына салынып, жаңа оқу жылының басында пайдалануға беріліп отыр.