Түркістан облыстық білім басқармасына қарасты аудандық білім бөлімдерінде апта ішінде бірқатар ісшаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда:
«БЕСТЕРЕК» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА 1300 ПЕДАГОГ-ПСИХОЛОГ БІЛІКТІЛІК АРТТЫРУ КУРСЫНАН ӨТЕДІ
«REFRAME» тұлғалық дамыту орталығымен биылғы жылдың соңына дейін «Бестерек» жобасы аясында 1300 педагог-психолог «Когнитивті мінез-құлық психотерапиясының негіздері» тақырыбында біліктілік арттыру курсынан өтеді.
Мақсаты — тәуекел топтағы оқушыларға жаңа тәсілде психологиялық көмек көрсетуді үйрету. Қазіргі таңда когнитивті мінез-құлық психотерапиясы бүкіл дамыған елдерде көмек көрсетудің негізгі әдісі болып табылады.
Зорлық-зомбылық құрбандары немесе куәгері болған балалардың психологиялық күйін реттеуге, эмоционалды бұзылыстар мен қатар психожарақаттарды түзетуге мектеп психологтары үйреніп, тәжірибе жинақтайды.
Сонымен қатар,тұрмыстық зорлық-зомбылық пен кәмелетке толмағандармен және оларға қарсы жасалған құқықбұзушылықтарды азайтуға, алдын алуға кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғаумен байланысты органдардың өзара іс-қимылын күшейтуге бағытталған.
Түркістан облысы әкімдігі Түркістан облысының прокуратурасы және Түркістан облысының полиция департаменті мен бірлескен «Салауатты болашақ» жобасының онлайн режимде тәуекел профилі бойынша ақпарат қалыптастырылатын деректер базасы жасалады.
«TURANBALAFEST» ТЕЛЕБАЙҚАУЫНДА САУРАНДЫҚ «КӨЗАЙЫМ» БИ ТОБЫ III ОРЫН ИЕЛЕДІ
Түркістан қаласы «Ақжайық» музыка мектебінің ғимаратында «TuranBalaFest» үздік өнерпаздар телебайқауының би номинациясы бойынша байқауы өткізілді. Байқауға 17 ауданның биші өнерпаздары бақ сынады. Облыстық білім басқармасы және «Түркістан» телеарнасының ұйымдастыруымен бастау алған өңірдегі ең талантты өрендердің басын қосқан байқаудың басты мақсаты — дарынды өрендерді қолдау, олардың өнерлерін шыңдау.
Аталған байқауға Сауран ауданының жалпы білім беретін мектебінің «Көзайым» би тобы қатысып, «Қамажай» халық биін орындап жүлделі III орынға ие болды. Үш болса да күш дегендей, жеңімпаз би тобына қаржылай 15 мың көлемінде сыйақы табысталды.
ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ — БАСТЫ НАЗАРДА
Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғалымжан Сұлтанбекұлының төрағалығымен қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстары пысықталды.
Аппарат жиынына басқарма басшысының орынбасары Бауыржан Талғатұлы мен басқарманың бюджеттік инвестициялық жобалар жоспарларының орындалуын және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Азамат Асылбекұлы баяндама оқыды. ZOOM платформасы арқылы аудан/ қалалық білім бөлімінің басшылары қатысты.
Басқарма басшысы қатты отынмен жылытылатын қазандықтарын табиғи газға ауыстыратын білім беру ұйымдарын жылыту маусымына үлгеру керектігін алға тартты. Қордағы қатты отындардың талапқа сай сақталып, бөлек қоршауда болуын қамтамасыз етілу керек дейді.
Алдағы уақытта білім басқармасының басшысы Ғалымжан Сұлтанбекұлы аудан/қалаларды аралап,білім ұйымдарының қысқы маусымға дайындығын жеке тексереді.
Бұдан бөлек, ескірген қазандықтар жаңартылмақ. Ал, қысқы дайындықта кей жұмыстарды кешеуілдеткен жеке фирмаларды, келесі кезекте басқармамен жұмыс істеуі бойынша егжей-тегжейлі сараптап, екінші рет жүктелген жұмыстарды жауапкершілікке бермеу керектігі айтылды.
Жалпы жылыту маусымы — басты назарда. Осылай деген басқарма басшысы жауапты мамандарға арнайы тапсырма беріп, білім беру ұйымдарын күнделікті қадағалауды жүктеді.
«АҚБЕРЕНДЕ» ОЗА ШАПҚАН ӨРЕНДЕР
Қазығұрт ауданының білім бөліміне қарасты М.Өтемісұлы атындағы жалпы білім беретін мектебінде республикалық «Ақберен» шығармашылық өнер байқауының аудандық кезеңі өтті.
Мақсаты: 8-11 сыныптың шығармашыл оқушыларының гуманитарлық-эстетикалық ғылымдар саласында кәсіптік қызметін таңдауға, шығармашылық қабілетті, өлең жазу, тапқырлық, дарындылығын таныту, олардың шығармашылық қабілеттеріне қолдау көрсетіп, ары қарай дамуына жол ашу. 6 номинация шеңберінде өрбіген байқау нәтижесінде облыстық кезеңге өткен бірқатар жеңімпаз оқушыларға тоқталсақ:
Шешендік, білгірлік сайысы бойынша Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебінің 8 сынып оқушысы Бауыржан Аружан — бас жүлде;
Көркемсөз оқу сайысы бойынша Қ.Әбдалиев атындағы жалпы білім беретін мектебінің 9 сынып оқушысы Әбдіқадір Абат — бас жүлде;
Эссе жазу сайысы бойынша «Ащыбұлақ» жалпы білім беретін мектебінің 10 сынып оқушысы Рахманберді Сымбат — бас жүлде;
Ұлттық аспапта өнер көрсету сайысы бойынша Қ.Әбдалиев атындағы жалпы білім беретін мектебінің 8 сынып оқушысы Сахан Ибрахим — бас жүлде;
Ақындар айтысы «Жаңатірлік» жалпы білім беретін мектебінің 10 сынып оқушысы Қуаныш Аян — бас жүлде;
Ақындар мүшайрасы сайысы бойынша Жамбыл атындағы жалпы білім беретін мектебінің 11сынып оқушысы Ахан Ұлжалғас та бас жүлде иеленді.
Айта кетейік, жалпы байқауға 8-11 сынып оқушыларынан 202 оқушы қатысты.
«IQANAT» ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ АУДАНДЫҚ КЕЗЕҢІНЕ 702 ОҚУШЫ ҚАТЫСТЫ
Түлкібас ауданының білім бөліміне қарасты «Жанкент» ЖББМ, «Түркібасы» ЖББМ және А.Макаренко ат.ЖББМ базасында қабілетті оқушыларды анықтау, қолдау, ауыл оқушыларының шығармашылық, танымдық, зияткерлік бастамаларын жандандыру мақсатында «IQANAT» олимпиадасының аудандық кезеңі өтті.
Ауданының білім бөліміне қарасты жалпы білім беретін мектептерінен аудандық іріктеу кезеңіне 8 сыныптың 702 оқушысы қатысып, қатаң іріктеуден өтті. Ауыл оқушылары арасындағы ең ауқымды олимпиаданы «IQANAT» қоғамдық қоры ауыл балаларына сапалы білімге жол ашу мақсатында ұйымдастыруда.
ЖАС ҚЫЛҚАЛАМ ШЕБЕРЛЕРІ ӨЗАРА САЙЫСҚА ТҮСТІ
Сайрам аудандық Оқу — өндірістік комбинатында «TuranBalaFest» үздік өнерпаздар телебайқауының «Сурет» номинациясы бойынша сурет байқауы өткізілді.
Байқау мақсаты — білім алушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін жағдайлар жасау, үйлесімді тұлғаны тәрбиелеу мен одан ары дамытуда жүйелі және мақсатты қызмет, рухани, моральдік және мәдени құндылықтармен таныстыру.
Аудандық байқау қорытындысы бойынша №97 Сұраншы батыр атындағы жалпы орта мектебінің 8 сынып оқушысы Ким Алина және «Сайрам» жалпы орта мектебі» ЖШС 11 сынып оқушысы Полатова Малика облыстық кезеңге жолдама алды.
ЖАС ОТБАСЫЛАР АРАСЫНДА ӨТКЕН БАЙҚАУДА БАҒЫ ЖАНДЫ
25 — қазан Республика күні қарсаңында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Шаттыққа толы шаңырақ» атты жас отбасылар арасында өткен байқауға Қазыбек би мектебінің түлегі Бейсенбаев Ербол отбасымен бірге қатысты. Сауран ауданының атынан шыққан аталған білім ордасының оқушысы «Бейсенбаевтар» командасы бірінші сайыс «Толағай» спорттық кезеңінен жүлделі ІІ орынды иеленсе, ал екінші кезең бойынша өз өнерін көрсету үшін бар таланттарын ортаға салып, жүлделі І-ші орынды иеленді.
МАТЕМАТИКА САБАҒЫНДА ЗАМАНАУИ ТӘСІЛДЕР АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН АРТТЫРДЫ
Түркістан облысы, Арыс қаласының білім бөлімінің мемлекеттік мекемесіне қарасты С.Адамбеков атындағы жалпы білім беретін мектебінде 2023-2024 оқу жылының қазанның 16-27 күндері аралығында «Әлем математика тілімен бейнеленген» тақырыбында математика пәнінің онкүндігі өтті.
Апталық мақсаты — математика сабағында және сабақтан тыс іс-шараларда оқытудың заманауи тәсілдерін қолдана отырып оқушылардың білім алуға қызығушылығын арттыру, ой-өрісі мен таным белсенділіктерін жан-жақты жетілдіру. Онкүндіктің ашылу барысында оқушылар сағат тіліне жазылған түрлі логикалық сұрақтарға жауап беріп, геометриялық фигуралардың аттарын дұрыс тапты.
Сонымен қоса, математикалық лото ойынын ойнады. Апталыққа белсене қатысқан оқушыларға арнайы сыйлықтар үлестірілді.