Мәселе
ЮНИСЕФ Қазақстандағы өкілетті органдармен бірге жүргізген зерттеулердің нәтижелері көрсеткендей, ересектердің шамамен 75%-ы отбасында балалардың мінез-құлқын қадағалап отыру үшін дене жазалауын қолдануды құптайтын көрінеді. 2-14 жас аралығындағы әрбір екінші бала отбасында зорлықпен тәртіпке салу шараларына душар болады. Мектеп оқушыларының үштен екісі басқа оқушылар немесе мұғалімдер тарапынан зорлық-зомбылық көрсетуге немесе кемсітуге шалдыққан немесе соның куәсі болған. Зорлық-зомбылықтың жоғары деңгейі интернат мекемелерінде және мінез-құлқында қиындықтары бар балаларға арналған мектептерде байқалады.
Зорлық-зомбылықты түп-тамырымен жою жолындағы айтарлықтай кедергі болып «зорлық-зомбылық» ұғымын түсіну аясының тарлығы табылады, аталмыш ұғым көбінесе тек дене жазалауына ғана қатысты қолданылады. Зорлық-зомбылыққа қорқытуды, психологиялық қысым көрсетуді немесе тіл тигізуді жатқызу таңсық жайт. ЮНИСЕФ қоғамда «зорлық-зомбылық» ұғымын дұрыс түсінуді, оның жағымсыз салдарынан хабардар болуды, оның барлық түрін барлық деңгейлерде қабылдамауды және күресуді, сондай-ақ, бала тәрбиесі мәдениетінен зорлықпен тәрбиелеудің кез-келген түрін жоюды өз мақсаты деп біледі.
Шешім
Балаларға көрсетілетін зорлық-зомбылықтың барлық түрлерінің алдын алу және жою мақсаттарына жету үшін бірқатар стратегияларды іске асыру маңызды. Алдын алу деңгейінде балаларға кез-келген түрде, соның ішінде дене жазалауы түрінде зорлық-зомбылық көрсетуге тыйым салатын заңнамамен қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар, ата-аналардың балаларын зорлықсыз тәрбиелеу дағдыларын үйде қызмет көрсету және жақсы ата-ана болу бағдарламалары сынды шаралар арқылы дамыту маңызды. Мектепке дейінгі және мектеп мекемелерінде, сонымен бірге, қосымша білім беру ұйымдарында балаларға арналған арнаулы бағдарламалар болуы қажет.
Шара қолдану деңгейінде балаларға зорлық-зомбылық көрсетілгені туралы өкілетті органдарға міндетті түрде хабардау жүйесін жасау, жүйенің тиімділігін арттыру үшін бала құқықтарын қорғау жүйесіне қосымша әрекет етуші тұлғаларды енгізу, өкілетті органдар арасында нақты үйлестіру және тиімді өзара әрекеттесу тетігін жасап шығару, мамандарды балаларға зорлық-зомбылық көрсету оқиғаларымен жұмыс жасауға үйрету, сонымен бірге, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау жүйелеріндегі зорлық-зомбылық оқиғалары кезінде құқық қорғау және сот органдарының шара қолдануына қатысты нұсқаулықтар әзірлеу маңызды.
Мамандардың және халықтың балаларға зорлық-зомбылық көрсетілетінінен, соның ішінде, зорлық-зомбылық көрсету қауіп-қатерлерінен және белгілерінен, оған қоса балаларға зорлық-зомбылық көрсетудің жағымсыз салдарынан хабардарлығын арттыруға көңіл бөлудің де маңызы аз емес. Сонымен қатар, жағдайды және оң өзгерістерді бақылап отыру үшін балаларға көрсетілетін зорлық-зомблықтың барлық түрлері туралы әкімшілік мәліметтерді жинауды әрі қарай жетілдіру қажет.
2013-2017 жж. ЮНИСЕФ өкілетті органдармен бірге мектептерде зорлық-зомбылқытың алдын алу бойынша пилоттық бағдарламаны бастады. Мақсат – оқушылар арасында психоәлеуметтік дағдыларды дамыту, әрі зорлық-зомбылық көрсету қауіп-қатерлеріне және зорлық-зомблық көрсету оқиғаларына шара қолдану тетіктерін жасап шығару арқылы зорлық-зомбылық туындағанға дейін оның жолын кесу. Әзірленген әдістеме Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында сынақтан өткізіліп, өз тиімділігін көрсетті. Енді Ұлттық білім академиясының қолдауымен осы әдістеме білім беру жүйесінің стандарттарына және құзыреттеріне енгізілетін болады.
ЮНИСЕФ қолдауымен зорлық-зомбылықтың және балалардың қажеттіліктеріне немқұрайды қараудың алдын алу патронаж мейірбикелерінің қызметіне айналды, олар отбасыларға бару кезінде балаларды тәрбиелеудің орынды әдістері туралы ақпарат береді және, егер бала отбасында қатыгездікке тап болу қаупіне шалдықса немесе душар болса, шара қолданады.
2018 жылы ЮНИСЕФ өкілетті органдармен бірге балаларға зорлық-зомбылық көрсетудің алдын алу бойынша ақпараттық науқанды жүзеге асыра бастады. Науқан ата-аналардың сонымен қатар, бала тәрбиесінде және білім алуында зорлықшыл әдістерге жол жоқ екенінен қоғамның хабардарлығын арттыруға, осы мәселедегі әдістемелерді, нормаларды және ұстанымдарды өзгертуге бағытталған.
Өкілетті органдармен бірге заңнаманы жетілдіру және балаларға зорлық-зомбылық көрсету жағдайларын анықтау, хабарлау, тіркеу және шара қолдану хаттамаларын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.