Түркістан қаласының оқушылары жыл бойы өткен білім сайыстары бойынша 2022-2023 оқу жылын толағай табыстармен аяқтады. Оқушыларымыз түрлі облыстық, республикалық білім сайыстарында жүлделі орындарға ие болды. Атап айтсақ, 5-6 сынып оқушылары арасындағы облыстық олимпиадада 15 оқушы жүлдегер атанса, оның ішінде 2 оқушы Республикалық олимпиадада да І және ІІІ орындарды жеңіп алды. Сондай-ақ, 7-8 сынып оқушыларының облыстық жасөспірімдер олимпиадасында 6 оқушы, 9-11 сынып оқушылары арасындағы облыстық олимпиадада 32 оқушы жүлдеге ие болса, республикалық олимпиадада 3 оқушы ІІ және ІІІ орындарды иеленді. Облыстық Президенттік олимпиадада 3 оқушы, ғылыми жобалар жарысында 10 оқушы, Республикалық сайыста 1 оқушы, «Зерде» ғылыми жобалар сайысында 11 оқушы, Республикалық сайыста 1 оқушы, облыстық «Pro Eco» олимпиадасында 2 оқушы, «Бастау» олимпиадасында 3 оқушы, «Алтын сақа» олимпиадасында 6 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар, 9 оқушы түрлі Республикалық және облыстық оқуларда жүлдегерлер қатарынан табылды. Сондай-ақ, басқа да облыстық, республикалық байқаулар мен оқуларда да оқушыларымыз биіктен көрінуде.
Кеше өткен дарынды оқушыларымызды марапаттау салтанатында осындай жетістіктерге қол жеткізген оқушыларымыз таныстырылып, облыстық «Дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығының» сыйлықтары табыс етілді. Салтанатты шарада Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы Қолдасова сөз алып, киелі қаланың абыройын асқақтатуға өз үлестерін қосып жүрген жас дарындарға жылы лебіздерін жолдады. Білімнің биігінен көрініп отырған өрендерге бағалы сыйлықтарды табыс етті.
Айта кетерлігі, оқушыларымыз 2023-2024 оқу жылын да сәтті бастады. Оқу жылының басында өткен алғашқы білім сайыстарында да жүлдегер атанып үлгерді. Облыстық Президенттік олимпиадаға қатысқан 3 оқушымыздың үшеуі де жүлдегер атанып, (І, ІІ және ІІІ орындар) республикалық іріктеу кезеңіне жолдаманы жеңіп алды. Алдағы уақытта да жеңісті жолымыз жалғасып, оқу жылын мол жетістіктермен аяқтаймыз деп сенеміз.