Ордабасы ауданы бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша «Рухани тәрбие – жас ұрпақтың қауіпсіз болашағының кепілі» тақырыбында арнайы іс-шара өтті.
Іс-шарада Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары М.Ақмұратов, «Жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық оқиғалары және ата-ана жауапкершілігі» тақырыбында аудан прокуроры А.Қыдырбай, «Оқушылардың құқықтық сауаттылығын дамыту, заң талаптарын түсіндіру» тақырыбында Ордабасы аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғ.Қуашбаев, «Бала тәрбиесіндегі ата- аналардың жауапкершілігін, сауаттылығын арттыру» тақырыбында Ордабасы аудандық білім бөлімінің басшысы Ш.Нұрабаева баяндама жасап, оқушылар мен ата-аналарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жалпы, құқық тәртібін бұзуға бейім балалар қайдан шығады? Жасыратыны жоқ, қоғамдық тәртіпті бұзған, қылмыс жасаған, полиция бөлімдерінде есепте тұрған балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шығады. Ал, енді бір тобы кейбір ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып, мектептен тыс уақыттарында немен айналысып жүргендерін қадағаламауынан пайда болады. Бала тәрбиесін назардан тыс қалдырмау – ең алдымен ата-ананың парызы болса, екінші тарапта білім беру ұйымдары мен құқық қорғау органдарына жүктелген міндет. Жиында осы тақырыпта әңгімелер сөз болып, ата-аналардың ұсыныстары мен талап-тілектері тыңдалды.