Халқымыз үшін қастерлі ұғым болып саналатын, ата-бабадан қалған жерді қорғау, мемлекеттік шекараны күзету – үлкен абырой, маңызды жауапкершілік.
Мемлекеттік шекараның беріктігі – елдіктің басты белгілерінің бірі. Бүгінде Қазақстанның ұлан-ғайыр шекарасы шегенделген. Еліміз тәуелсіз болған 1991 жылдың желтоқсанынан кейін іргелі мемлекеттің шекарасын күзету күн тәртібіне қойылды. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін 1992 жылдың 18 тамызында Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі құрылды. Еліміз Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменстанмен шектеседі. Республиканың құрлықтағы мемлекеттік шекарасының жалпы ұзындығы – 13 402 шақырым.
Біздің Мақтаарал ауданы шекаралы аймақта орналасқан. Өзбекстанның бірнеше ауданымен шектесіп жатқан өңірімізде шекараны қорғаудың жауапкершілігі өте жоғары, бұл салада темірдей тәртіп, қырағылық басты назарда болуы керек. Шекара беріктігін сақтауда шекарашыларымызға Бірлік ауылдық округі, Қ.Пернебаев елді мекеніндегі №34 ЖОМ жанынан құрылған «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубының мүшелері жәрдемші болып, өнеге танытуда. Биыл қыркүйек айында шекарадан заңсыз өтпек болған азаматтардың әрекеті жайында шекарашыларға дер кезінде ақпарат беріп, шекара бұзушылардың жолын кескен осы мектеп оқушыларының ерлікке пара-пар ісіне сүйсіндік.
9 «А» – сынып оқушысы – Көбей Алихан Ниязханұлы мен 10 «Ә»-сынып оқушысы Әбсаттар Бекболат Бекжаппарұлы оқу озаттары, қоғамдық іске белсене қатысады.
– Біз сабақтан соң үйге қайтып келе жатып, шекараны бұзып өтпек болған бөгде адамдардың іс-әрекетіне күдікпен қарап, тез арада шекарашыларға хабар бердік. Сол заматта-ақ, шекарадан заңсыз өтпек болған азаматтар ұсталды, – дейді «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубының
мүшелері.
С.ҚАЛДЫБАЕВ. Мақтаарал ауданы.