Бүгін Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 03 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру аясында, бекітілген кестеге сай Зертас ауылдық округінде халықпен кездесу өткізді. Кездесу барысында аудан басшысы Төлеби ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2023 жылдағы 9 айдағы көрсеткіші мен ІІІ тоқсандағы кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша баяндады.
Жаңакүш және Зертас елді мекендерінде автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 35,15 шақырымды құраса, елді мекендердің ішкі көшелерінің жарамдылығы — 92 % жеткен. 2023 жылы облыстық маңызы бар «КХ-82 «Шымкент-Зертас-Көксәйек-Тасарық-Қасқасу» автомобиль жолы орта жөндеуден өткізіліп, аяқ жол салынды. Ендігі кезекте жол кедергілері мен жол белгілерін қою жұмыстары жүргізіледі. «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында 5,0 шақырым болатын Жарасов, Қ.Мамытов көшелерінің құрылыс жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілді.
Округ аумағында табиғи газ мәселесі толық шешімін тапқан. Ал, ауыз суға қатысты Зертас елді мекеніне 64,0 шақырым су құбыры тартылып, 2 дана (1200м3/куб) резеруар құйылып, 531 – дана су құдық орнатылды. Жалпы құрылыс жұмыстары толық аяқталып, елді мекенге су берілген. Қазіргі таңда пайдалануға құжаттары дайындалып, қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Бұған қоса, биылғы жылы Жаңакүш елді мекеніне ауыз су құбырын жүргізу үшін бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, мердігер «Real Invest Stroy» ЖШС тарапынан құрылыс жұмыстары басталды. Нысан құрылысы 2024 жылға өтпелі. Елді мекендерді электр жарығымен қамту бағытында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС өз меншігіндегі тозығы жеткен Жамбыл көшесіндегі апатты жағдайдағы электр жүйелері мен 4 бағананы ағымдағы жөндеу арқылы ауыстырды. Жаңакүш елді мекенінде апатты жағдайдағы бағаналар қараша айында ағымдағы жөндеу жұмыстарымен ауыстырылатын болады. Жалпы, Зертас ауылдық округі бойынша жалпы 7,52 шақырым түнгі жарық орнатылған. Орталық жолдардағы түнгі жарық мәселесі шешілген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде жүзеге асқан кездесу барысында округ халқы өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан тұщымды жауап алды. Президенттің қоғам мен биліктің өзара ықпалдасқан іс-қимылының маңызды екеніне екпін беріп, азаматтарды ашық диалогқа шақыруға алған басқосу барысында аудан басшысы Төлеген Тұртайұлы көтерілген мәселелердің орындалу барысы мен шешу жолдарын түсіндірді.
Иә, билік бұқараға барынша жақын болуы керек. Бұл бағытта аудан әкімі ауданның 55 елді мекенін аралап, халықтың ұсыныс-пікірін тыңдап, олардың талап-өтініштеріне құлақ асып, өз құзыреті шегінде шешу жолдарын қарастыруда.