Шымкентте ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жылына екі рет ұйымдастырылады. Биыл көктемгі кезеңде 152 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жануары өңделіп, 4,6 млн шаршы метр аумақта залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда кенеге қарсы күзгі өңдеу жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар масаларға қарсы дезинсекция жұмыстарына 30 маман мен 20 арнайы техника тартылған. Өңдеу жұмыстары қаладағы саябақтарда, өзен-каналдарда, гүлзарлар мен аллеяларда кезең-кезеңімен жүргізілуде. Кеміргіштерге қарсы дератизация да тұрақты түрде ұйымдастырылып, биылғы жұмыстар өзен-канал жағалаулары мен қоқыс контейнерлері орналасқан аумақтарды қамтыды.
Қаңғыбас жануарлар мәселесіне де назар аударылуда. Ағымдағы жылы қала аумағында 35 мыңға жуық қаңғыбас ит ауланды. Ал жануарларға жауапкершілікпен қарау талаптарын бұзғаны үшін 2026 жылы 134 тұлғаға айыппұл салынған.
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары да жалғасуда. Қала бойынша ақпараттық жүйеде 92 959 ірі қара, 119 265 ұсақ мал, 20 737 жылқы және 1 270 шошқа тіркелген. Биыл жоспарланған 40 500 төлдің 36 798-і, яғни 90,84 пайызы бірдейлендірілді. Сондай-ақ «Tort Tulik Mobile» мобильді қосымшасына 4 697 мал иесі тіркелген.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытында да нақты шаралар қабылдануда. 100-ге жуық әлеуметтік сауда орнында өнімдер белгіленген шекті бағамен сатылуда. Бұдан бөлек, қалада 18 «Бақша» әлеуметтік павильоны жұмыс істейді.
Бағаны бақылау аясында жыл басынан бері 33 комиссия отырысы өткізіліп, 917 кәсіпкердің электрондық шот-фактурасына талдау жасалды. Нәтижесінде 137 кәсіпкерге әкімшілік шара қолданылып, 55 өнімсіз делдал анықталды. Сонымен қатар қалада апта сайын 5 жерде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып, өнімдер нарық бағасынан 10–15 пайызға төмен бағада ұсынылуда. Жыл басынан бері 232 жәрмеңке өткізіліп, оған 200-ден астам кәсіпкер қатысты.
Ветеринариялық алдын алу шараларының тұрақты жүргізілуі жануарлар арасында түрлі аурулардың таралу қаупін азайтып, санитариялық қауіпсіздікті сақтауға мүмкіндік береді.
Азық-түлік бағасын тұрақтандыру жұмыстары тұрғындар үшін әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұл бағыттағы бақылау шаралары алдағы уақытта да жалғасып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен сапалы азық-түлікке қолжетімділігін қамтамасыз етуге басымдық берілмек.