Шымкентте халық санының өсуіне байланысты әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында қала әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.
Қаладағы маңызды жобалардың бірі Ақжайық тұрғын алабында салынып жатқан 200 орындық жаңа перинаталдық орталық. Нысан ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған. Орталықта жүкті әйелдер патологиясы, ана мен баланың бірге болу бөлімдерімен қатар, жоғары тәуекел тобындағы және арнайы күтімді қажет ететін нәрестелерге арналған бөлімдер, жансақтау және қарқынды терапия орындары қарастырылған. Сонымен бірге неонаталдық хирургия, заманауи зертханалық диагностика, генетика және медициналық оңалту қызметтерін дамытуға мүмкіндік беретін жағдайлар жасалады. Қазіргі таңда қалада жыл сайын 30 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Осыған байланысты жаңа медициналық нысанның іске қосылуы қолданыстағы ұйымдарға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соңғы үш жылда қала аумағында 1500 шақырымнан астам автомобиль жолы жөндеуден өткен. Екі ірі жолайрық пайдалануға беріліп, Момынов көшесіндегі теміржол өткелі іске қосылды. Қонаев даңғылы мен А-2 транзиттік айналма жолын реконструкциялау жобалары аяқталу кезеңінде.
Сонымен қатар Ы.Алтынсарин көшесінің 2 шақырымдық учаскесін реконструкциялау аяқталып, жол 2 жолақтыдан 4 жолақты қозғалысқа бейімделді. Шұбаркөл көшесіндегі 1 шақырымдық жол учаскесінің негізгі жөндеу жұмыстары аяқталды. Бәйдібек би Төлеметов көшелері қиылысындағы жолайрық пен Тұрар Рысқұлов көшесінің жекелеген учаскесіндегі жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Қаладағы көше жарықтандыру жүйесі де айтарлықтай кеңейтілді. Соңғы үш жылда 4 686 көшеге жарықтандыру жүйесі орнатылып, негізгі көшелердің жарықтандырылу деңгейі 100 пайызға жеткізілді.