Шымкент қаласында тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік мәселелерді шешуге және қалалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің кезекті аралауы барысында бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылыс барысы бақылауға алынды.
Аралау барысында Асар-2 шағынауданында 40 отбасыға жаңа пәтер кілттерін табыстау рәсіміне қатысты. Тұрғын үйлер «Отбасы банк» АҚ-тың «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген бағдарламалары аясында берілді. Пәтер иелері төлем қабілетін растаған азаматтар қатарынан анықталған. Олардың арасында көпбалалы және толық емес отбасылар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар.
Қала басшысы тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстарын одан әрі жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
Бұдан кейін Абай ауданында салынып жатқан 150 орындық оңалту орталығының құрылыс барысымен танысты. Мұнда стационар, бассейн, спорт және акт залдары, асхана және қажетті қосалқы нысандар қарастырылған. Қала әкімі құрылыс жұмыстарын жеделдетіп, нысанды қысқа мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.
Сонымен қатар Шымкент әуежайындағы екінші ұшу-қону жолағының құрылысы тексерілді. Жаңа жолақ жүк көтерімділігі жоғары әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді. Қарастырылған жүйелер көріну мүмкіндігі шектеулі жағдайда да рейстерді орындауға жағдай жасайды. Жауапты тұлғаларға құрылыс сапасын қамтамасыз етіп, халықаралық талаптарды қатаң сақтау тапсырылды.
Қаланың ішкі көлік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында Шұбаркөл және Рысқұлов көшелеріндегі жол жабынын төсеу жұмыстары да қаралды. Жолдарды жаңарту қозғалыс қауіпсіздігін арттырып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ қала әкімі Еңбекші ауданындағы №1 стационар жағдайдағы орталыққа барып, 50 төсек-орынға арналған қосымша корпустың құрылысын аяқтау барысымен танысты. Жаңа нысан мүгедектігі және психоневрологиялық аурулары бар азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге арналған.
Құрылыс басқармасына аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп, нысанды қажетті құрал-жабдықтармен толық жарақтандыруды жеделдету тапсырылды.
Жалпы, әлеуметтік нысандардың құрылысы, тұрғындарды баспанамен қамту және қалалық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қала әкімдігінің тұрақты бақылауында. Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін әрбір жоба белгіленген мерзімде әрі сапалы жүзеге асырылуы тиіс. Бұл – қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған негізгі міндеттердің бірі.