Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті қаланы аралау барысында Кеңжарық және Ақсүмбе көшелеріндегі жол жөндеу жұмыстарымен танысты. Жол жабынын жаңарту және көшелерді ұзарту көлік қатынасын жақсартып, іргелес көшелерге түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Жауапты тұлғаларға барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау тапсырылды.
Аралау барысында 12-шағынауданда «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында №1 үйдің ауласын абаттандыру жұмыстары қаралды. Аумақта көгалдандыру жүргізіліп, балалар ойын алаңы мен жаяу жүргіншілер жолы салынған. Сонымен қатар тұтқасы бар баспалдақтар мен қоршау орнатылған.
Тұран және Әл-Фараби аудандарында 2023–2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында Қазыбек би және Володарский көшелеріндегі тұрғын үйлерге жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары тексерілді. Үйлердің қасбеттері мен шатырлары жаңартылып, кіреберістері мен инженерлік желілері жөнделуде.
Қала әкімі жауапты тұлғаларға тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын ескеріп, ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығына әсер ететін мәселелерді шешуді тапсырды.
Бұдан бөлек Әл-Фараби ауданындағы Желтоқсан көшесінде абаттандырылған жаңа «Бақытты жанұя» қоғамдық кеңістігінің жағдайы қаралды. Мұнда көгалды аймақтар мен серуендеу жолдары жасалып, орындықтар, жарықдиодты шамдар және автоматты суару жүйесі орнатылған. Кеңістіктің негізгі элементі – субұрқақ. Жоба кәсіпкер Наргиза Керімбаеваның қалаға жасаған тартуы ретінде жүзеге асырылды.
Сонымен қатар Жастар көшесіндегі жол жөндеу, Маңғыстау көшесіндегі жол негізін дайындау және Исраилов көшесін қайта жаңғырту жұмыстары тексерілді. Мердігер ұйымдарға құрылыс технологияларын қатаң сақтап, жұмыстардың әр кезеңін сапалы әрі белгіленген мерзімде орындау тапсырылды.
Қала әкімінің аралау қорытындысы бойынша тиісті басқармалар мен мердігер ұйымдарға жұмыстардың сапасына тұрақты бақылау жүргізіп, анықталған кемшіліктерді жедел жою тапсырылды. Қаланың әр ауданындағы инфрақұрылым нысандарын жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға басымдық берілмек. Инфрақұрылым нысандарын жаңарту жұмыстары тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.
Фото ЖИ көмегімен өңделді.