Облыста кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін 175 жер қойнауын пайдаланушы бар. Басым бөлігі Сауран, Сайрам, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласының аумағында орналасқан. Олар келісімшарт және лицензия негізінде жұмыс жасайды. Сонымен қатар ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен келісімшарт берілген қатты пайдалы қазбаларды өндіруге және барлауға арналған 13 мекеме алтын фосфорит, барит, мыс, көмір және құрамдас металдар өндіреді. Созақ, Кентау, Түлкібас аудандарында алтын, фосфор, барит барлау, темір барлау кен орындары жұмыс істейді.
Жалпы айтқанда, көптеген өңірлерде кең таралған пайдалы қазбаларды – қиыршық тасты, құмды, сазды, қара топырақты және олардың басқа да түрлерін заңсыз өндірудің көптеген фактілері байқалады. Ал қоршаған ортаға келтірілген залалдың жалпы сомасы миллиардтаған теңгені құрайды. Бұдан басқа, ластанған ауаның салдарынан халық денсаулығының нашарлауы, сондай-ақ заңсыз әрекеттердің салдарынан инфрақұрылымның бұзылуы алаңдатарлық үрдіс болып отыр.
Түркістан облысы аумағындағы заңсыз жер қойнауын пайдаланушылармен күресу бойынша Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен Облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы мен бірлесіп іс-шара жоспары бекітілгені белгілі. Аталан іс-шараға сәйкес, қос мекеме өкілдері заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу бойынша таяуда Ордабасы ауданына рейдтік іс-шара жұмыстарын жүргізгенін айта кетейік. Нәтижесінде, ауданда орналасқан қыш зауыттары жер қойнауын заңсыз пайдаланып жатқанын анықтап, заң аясында экология департаментіне шара көру үшін ұсыныс жолданды. Бұл мәселемен құқық қорғау органдары айналыспақ.
Былтыр Арыс қаласы аумағында орналасқан жер қойнауын пайдаланушы «Понтакрин» ЖШС бойынша Түркістан облысының кәсіпкерлік басқармасы, Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, Арыс қаласының әкімдігі бірлесіп, Арыс қаласының халқымен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, аталған мәселе толық зерделенді. Аталған жер қойнауын пайдаланушымен Арыс қаласы, «Тақыр» алаңында құм өндіруге арналған 2008 жылғы 27 тамыздағы №445 келісімшартының қолданысы тоқтатылды.
Сондай-ақ, Сайрам ауданының аумағындағы 3 жер қойнауын пайдаланушы Ақсу өзенінің су қорғау белдеуінде орналасуына байланысты келісімшарттарының қолданысы мерзімінен бұрын тоқтатылған. Оған қоса, былтыр «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің ерекше қорғалатын аумақтарына кіруіне байланысты Арыс қаласының аумағында орналасқан үш жер қойнауын пайдаланушы жұмысын тоқтатты. Ордабасы, Сауран, Төлеби және Түлкібас, Шардара аудандарында орналасқан кен орындарының су қорғауы белдеуіне орналасуына және келісімшарттық міндеттемелерін орындамауына байланысты келісімшарттың қолданысы мерзімінен бұрын тоқтатылды. Табиғатқа залал келтірген мекемелер қазған жерді тегістеу керек.