Келес және Сарыағаш аудандарының қорғаныс істері жөніндегі бірлескен бөлімінде 2024 жылғы әскерге шақыру науқанына дайындық мәселелері бойынша Келес ауданы әкімі аппаратының басшысы Бахтияр Абдрахмановтың төрағалығымен жиын өтті. Күн тәртібінде көктемгі әскерге шақыру науқанына дайындық жұмыстарының барысы, жастарды әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеу жұмысының тиімділігі және алдағы жоспарлар талқыланды, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
– Жастарды әскерге жіберу, отан алдында міндетін абыроймен атқаруын жіті түсіндіруіміз қажет. Бұл жерде тек әкімдіктің жауапты мамандары ғана емес жергілікті учаскелік полицейлер мен оқу орындары және ауыл билерін жұмылдыру қажет. Бірлесіп атқарылған істе мін болмайды. Белгіленген мерзімде бекітілген меже толық орындалуы тиіс. Кемшілікке жол берген мамандармен олардың тікілей басшылары жауапқа тартылады. Сол үшін осы бастан жоспарлы істерді мұқият атқаруды тапсырамын, — деді аппарат басшысы Бахтияр Оралбайұлы.
Жиын барысында қарулы күштер бөлімімен ауыл, ауылдық округінің жауапты мамандары әскерге шақырылушыларды іріктеу тәртібі мен оларды жасақтау мәселелері туралы баяндады. Жұмысты нашар ұйымдастырған ауылдық округіндегі жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берілді. Келес ауданында 2024 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқанына азаматтарды іріктеу және алдын-ала зерделеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылды.
Алдағы уақытта әскери борышын өтеуден жалтарып жүрген жастар мәселесі қатаң қаралатын болады. Жұмыс жүйесін жеңілдету мақсатында жауапты мамандар арнайы планшеттермен қамтылады. Онда интеграцияланған ақпараттық жүйелер орнатылып, жеке тұлғаның нақты деректерін анықтау жылдамдайды. Сонымен бірге жергілікті полицейлермен бірлесе рейдтік шаралар ұйымдастырылатын болады.