Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Түркістан » Полиция департаменті мерекеге орай салтанатты шеру өткізіп, Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойды

Полиция департаменті мерекеге орай салтанатты шеру өткізіп, Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойды

Түркістан облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен «Отан қорғаушылар күні», «Жеңіс күні» мерекелеріне орай «Жеңіс саябағында» салтанатты шара өткізілді. Полицейлер ұйымдастырған жиынның бастауы, әскери оркестрдің Мемлекеттік Әнұранды орындауымен басталды. Ары қарай жиын ерлікпен қаза тапқан батыр аталарымызды бір минут үнсіздікпен еске алып, даңқ мемориалына гүл шоқтарын қою рәсімімен жалғасты.
Салтанатты шараға Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов, полиция департаментінің жеке құрамы, ішкі істер органдарының ардагерлері, қызмет бабында қайтыс болған полицейлердің жұбайлары мен жақындары, басқа да құрметті қонақтар қатысты.
Ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев барша Отан қорғаушыларды мейрамдарымен құттықтап, қызметтеріне сәттілік тіледі.
Мерекелік құттықтауды жалғастырған полиция генерал-майоры М.Қабденов: «Ардақты ардагерлер мен әріптестер! Баршаңызды айтулы мерекелеріңізбен құттықтаймын! Бабаларымыздың ұрпағы үшін атқарған елеулі еңбегіне, көзсіз ерлігіне баршамыз бас иіп, алғысымызды айтамыз. Әріптестер, облыста қылмыс пен құқық бұзушылықты болдырмауда аянбай еңбек етейік! Жол көрсетер ардагерлеріміз аман болсын! Баршаңыздың отбастарыңызға ырыс пен бақ тілеймін!», -деп атап өтті.
Мерекелік шара полиция қызметкерлерінің ант қабылдауы, үздік қызметкерлерді, ардагерлерді марапаттау, ЖҚАЖ-ның жауынгерлік әдіс-тәсілдерін көрсетуімен жалғасты.
Салтанатты іс-шара соңында өнерлі полицейлер патриоттық әндер орындады. Атап айтсақ, Айгүл Қалиева «Әлия» әнін, Ақтолқын Кубегенова «Журавли», Бейбарыс Серікбаев «Жігіттер», София Шегебаева «Қазақ полициясы» әнін, ал барлығына танымал «Атамекенді» ішкі істер органының ардагері Нүркен Алимбеков шырқады. Іс-шара жеке құрамның мерекелік саптық шеруімен аяқталды.

Пікір жазу