Арыс қаласындағы Нұр-Сұлтан қаласы мен Түркістан қаласына бекітілген 9-сектордың жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде тұрғын үйлерді қалпына келтіру бойынша 11 мердігер мекеме мен 355 құрылысшы 14 квартал бойынша жұмыс жасап жатыр.
Бұл туралы Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.
9-аумақта 600 жеке, 59 көпқабатты тұрғын үй, 6 әлеуметтік және 22 кәсіпкерлік нысан бар. Жеке тұрғын үйдің 10-ы жарамсыз, 590 зақымданған, көпқабатты үйдің 5-еуі жарамсыз, 52 зақымданған. Осы күнге дейінгі жұмыстың нәтижесінде жеке тұрғын үйдің 80 толық жөнделді. Ал 170 жеке үйге, 49 көпқабатты тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Мемлекеттен берілетін 100 мың теңге көмек қаржыны тағайындау бойынша 9 секторға қарайтын көше тұрғындарынан құжат қабылдау 4-шілдеден бастап жүргізіліп келеді. Құжат қабылдау жұмыстарында Түркістан қалалық білім бөлімінен барған 8 информатик маман мен арыстық мектеп мұғалімдері белсенділік танытуда. Бүгінгі күнге дейін аталған аумаққа қарасты 1514 отбасының 6065 тұрғынынан құжат қабылданған.