Баланың шат күлкісі мен қуанышына ештеңе жетпейді. Абай ауданы әкімдігінің ғимаратында 30 отбасыға қайырымдылық көмек таратылып, жаңа оқу жылын асыға күткен балғындардың сол қуанышы еселей түскендей.
Атап айтсақ, онда әлеуметтік жағдайы төмен жанұядан шыққан балаларға мектепке қажетті құрал-жабдықтар үлестірілді.
Бұл туралы «Шымкент келбеті» газетіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Ауданда бүгінде көп балалы 10 мыңнан аса отбасының тең жартысы аз қамтылған екен. Жыл басынан бері жомарт жандардың ұйытқы болуымен 1150 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетілген. Ал «Мектепке жол» республикалық акциясына 300 отбасы қамтылады деп жоспарланған. Қайырымдылық шарасына қатысқан аудан әкімі балаларды жаңа оқу жылымен құттықтады.
– Елімізде жомарт жандар өте көп. Оның ішінде сауапты іске үлес қосса да аты-жөнін атамайтындары баршылық. Бұл да бір ауызбіршілікті айқындай түсетін ізгі амалдардың бірі деп айтар едім. Мемлекеттен берілетін жәрдемақылар мен көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмектер болса да, жыл он екі ай біз әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды ұмытпаймыз. Әр баланың мемлекетке берері мол болмақ. Барлық балғындарды жаңа оқу жылымен құттықтаймын, күнделіктеріңіз бестікке толсын, — деді Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов.
Сөйтіп, кезек сыйлықтарға келіп, аудан әкімі және кәсіпкерлердің қолдауымен мүмкіндігі шектеулі және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың қарауындағы 100 бүлдіршінге мектеп сөмкесі таратылды (70 отбасының үйіне жеткізілді). Ал балғындар өнерлерін паш етті.
Балалардың бірі жатқа өлең оқыса, енді бірі ән шырқады. Аналар да аудан әкімдігінің қызметкерлері мен игі іске мұрындық болған азаматтарға алғыстарын білдірді.