Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын өткізді.
Бұл туралы «Шымкент келбеті» газетіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Іс-шараға ҚМДБ Қайырымдылық және уақып істері бөлімінің меңгерушісі Камалжан Бекбосынұлы, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Талғар Әбдінәбиұлы, Шымкент қаласы Абай ауданы әкімі Бұқарбай Парманов, Шымкент қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Рысбай Наштайұлы, ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы Бақтыбай Қыдырбайұлы және ата-аналар қатысты.
Шымкент қаласына арнайы іс-сапармен келген ҚМДБ Қайырымдылық және уақып істері бөлімінің меңгерушісі Камалжан Тұрдыбаев құттықтау сөз алып, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың игі тілегі мен ниетін жеткізді.
Сондай-ақ, бөлім басшысы К.Тұрдыбаев жергілікті «Оңтүстік», «Айғақ», «Отырар», «Нар ТВ» телеарнасына, «Шымкент келбеті» газетіне, «Оңтүстік» радиосына және т.б. БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.
Шараға қатысқан мәртебелі қонақтар да сөз алып, ата-аналар мен оқушыларға өздерінің ақ тілегін жеткізді.
Жалпы, Шымкент қаласы бойынша 1100 оқушыға мектепке қажетті сөмкелер мен құрал-жабдықтар табыс етілді.
Игілікті шара соңында өкіл имам Бақтыбай Қыдырбайұлы сауапты бастамаға қолдау білдірген барша азаматтарға айрықша алғысы мен риясыз ризашылығын білдірді.