Шымкент қалалық сотында қалалық, аудандық соттардың төрағалары мен судьялары, қала басшылығы, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, билер кеңесінің мүшелері, тарихшы ғалымдар, заңгерлер және журналистердің қатысуымен «Қазақ дала парламентінің түпқазығы – МӘРТӨБЕ» атты конференция өтті.
Шара Конституция мерекесі қарсаңында Қазақ хандығының билері жиын өткізіп, ел тағдырына қатысты шешімдер шығарған, «Жеті жарғыға» мөр басылған шежірелі Мәртөбенің Қазақстан тарихындағы орнын айшықтап, көпшілікке таныту мақсатында Шымкент қалалық сотының ұйымдастыруымен Рухани жаңғыру аясында өткізілді.
Жиынды Шымкент қалалық сотының төрағасы Ербол Рахымбеков ашып, Конституцияның ел дамуының тарихындағы алатын орнына тоқталып, одан әрі «Тәуке ханның «Жеті жарғысы» Мәртөбеде қабылданғаны және сол заманда Мәртөбе дала Парламентінің рөлін атқарғаны бізге тарихтан мәлім. Мәртөбе атауын естіген қазақтың құлағы елең ете қалары анық. Арнайы іздеп келіп тәу ететіндер де бар. «Қазақтың кім екенін білгің келсе, мамыр өте Мәртөбеге кел» деген халық мақалы да бар. Осы тарихы терең қасиетті Мәртөбе Шымкент қаласының Сайрам тұрғын үй алабы аумағында орналасқан», — деді.