Бүгін «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалында қаладағы банк өкілдері және құрылыс басқармасының мамандары өңірдегі «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру жайын талқылады.
Басқосуға Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев, «Ұлттық Банк» бөлімшесінің және «Баспана» акционерлік қоғамының ипотекалық ұйымының өкілдері мен «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Бауыржан Қуанышбеков, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық Кеңестің мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында қатысушылар «7-20-25» бағдарламасы аясында алдағы уақытта жұмыстарды жандандыру және пәтер алушыларға қолайлы жағдай туғызу керектігін атап өтті.
Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Өтенбаев Ғалымжан бүгінгі күні аталған бағдарламаны жүзеге асыру бойынша 2019 жылы Шымкент қаласының жалпы 132 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жоспарланғанын айтты. Оның ішінде 5 кредиттік тұрғын үй пайдалануға берілсе, жоспарға сәйкес жыл соңына дейін тағы 6 көпқабатты үй аяқталып, пайдалануға берілетін болады.
Сонымен қатар, «7-20-25» бағдарламасы аясында “SHYMKENT” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” АҚ тарапынан 1016 пәтерге 24 тұрғын үй салынып жатқанын мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, бүгінде 845 адам екінші дәрежелі банктерге баспана алу үшін өтініш келіп түскен. Оның 472-сі қолдау тапқан.
Кездесуде Партиялық бақылау комиссиясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық Кеңестің мүшелері басқармалар мен банктерге аталған бағдарлама аясында жұмысты жандандыру мақсатында тығыз қарым қатынас орнатып, тұрғындарға оңтайлы болу үшін жаңа бастамаларды қолға алуды ұсынды.