Бүгін Шымкентте «Nur Otan» партиясы фракциясының отырысында сөз алған шаһар басшысы Ерлан Айтаханов бірнеше мәселелерге тоқталды.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
«Бұл бағдарлама халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған. Бүгінде өзекті мәселелер өз шешімін күтуде. Яғни, біз партия мүшелері проблемамен тікелей күресуіміз қажет. Бұндай талапты бізге «Nur Otan» партиясының төрағасы, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев қойып отыр.
Мәселен, қаладағы өзекті проблемалардың бірі ол – мектептердегі оқушылардың сыйымдылығы. Кейбір мектептерде оқушылар тіптен аз, ал, кейбіреулерінде оқушылар сыныпқа симай отырады. Бұл мәселені біз мектеп салумен шеше алмаймыз. Себебі, проблемаға екі жақты қарауымыз керек. Ең алдымен мұғалімдердің деңгейін, білімін көтеруіміз қажет. Әр мектептің білімі сапалы болуы тиіс. Себебі, әр ата-ана өз баласының жақсы ұстаздан білім алғанын қалайды.
Алда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Біз, яғни, жергілікті партия мүшелері әр іске жанымыз ашып, жүйелі жұмыс істеуіміз керек. Сонда ғана сапалы нәтижеге қол жеткіземіз», — деді Ерлан Қуанышұлы.
Жиын соңында «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері аталған бағдарлама мен жаңа бастамаларды жұмыла атқаратындарын жеткізді.