Мегаполистегі жұмыс істейтін жастарға үй салуға 2 160 млн теңге, ал, тұрғын үй сатып алуға 4 320 млн теңге қаралып отыр. Бұл — 904 пəтерге қаралған қаражат.
Бүгін Шымкент қаласы əкімінің орынбасары Ербол Садыр БАҚ өкілдерімен өткен брифингте 2019-2021 жылдарға арналған қала бюджетін нақтылау барысымен таныстырды.
Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бөлінгеннен кейін үшінші мегаполисте 29 басқарма құрылып, жаңа басқармаларға 44 функция жүктелді. Осы орайда Шымкент қаласындағы жұмысқа талдау жасалып, негізгі салаларға басымдық берілді.
Атап айтқанда, атаулы əлеуметтік көмекке, жастарды баспанамен қамтуға, жалақыны көтеруге, жұмыспен қамтуға, мүмкіндігі шектеулі жандарды қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету бағытына бөлінетін қаржы қайта пысықталып, ҚР Үкіметінің №№ 490, 701 қаулыларына сəйкес, республикалық бюджетке өзгерістер енгізілді.
Е.Садырдың айтуынша, «Шымкент сити» орталығындағы 504 пəтерлі 8 коммуналды үйдің құрылысын аяқтауға 1 171,3 млн теңге қажет.
— Қала аумағында ауыз су, көше құрылысы, жəне табиғи газбен қамту мəселесі де өзекті. Сондықтан осы сұрақтарды шешуге басымдық берілді, — деді қала әкімінің орынбасары.
Ербол Садыр брифинг барысында 2020 жылы Тұран шағынауданында 88 көп қабатты үйдің құрылысы басталатынын мəлімдеді. Сондай-ақ, Тұран шағынауданындағы құрылысы басталған 5 көшені қала əкімі 2019 жылдың соңына дейін аяқтауды міндеттегенін айтты.