Шымкентте белгілі дінтанушы ғалым Қайрат Жолдыбайұлының қатысуымен «Қазақстанның дамуындағы дәстүрлі Исламның рөлі» тақырыбында семинар өтті. Шымкент қаласы ішкі істер және дін істері басқармасының басшысы Жанар Бектаева ашып, жүргізген семинарға қаладағы барлық мешіттердің имамдары, студенттер қатысты, деп хабарлайды «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі Т.Қасымовтың материалына сілтеме жасаған didarbek.kz.
PHD докторы Қайрат Жолдыбайұлы имамдардың имиджі тұрғыда келелі әңгіме өрбітті. Белгілі дінтанушы қазіргі уақытта имамдардың өзін-өзі қалай жетілдіріп, уақытты дұрыс пайдалануы турасында құнды кеңестерін айтты.
– Имамның арқалаған жүгі ауыр. Имам деген сөздің мағынасы алғы шепте жүретін адам дегенге саяды. Бойында көшбасшылық тұнып тұруы керек. Сөйлеген сөзімен, жүріс-тұрысымен де үлгі болуы лазым. Әлем басқа бір бағытқа өзгеріп барады. Сол себепті қазіргі имамдар да өзгеруі керек. Үлгі болуға талпыныңыздар, кітап көп оқып, ізденіңіздер, – деді Қайрат Жолдыбайұлы.
Басқосуда Шымкент қаласының бас имамы Бақтыбай Бейсенбаев имамдардың жауапкершілігі турасында сөз қозғады. Таяуда ғана имамдардың ІІІ республикалық форумында «Жеті рухани қазық» — Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы» құжаты қабылданған еді. Бас имам осы құжаттың дер кезінде қабылданғанын да атап өтті. Өйткені, руханият көшінен қалмайық десек, дәл осы қағидаларды қатаң ұстануымыз керек.
Жиын соңында барлық қатысушы имамдарға сертификат берілді.