Шымкент қалалық әкімдігінің ақпараттық — коммуникациялық орталығында соңғы кездері Шымкент қаласының тыныс-тіршілігі, әкімдіктің, қаладағы басқармалардың атқарған жұмыстары, соңғы жаңалықтары, жоспарлары мен атқарылатын шаруалар жайлы БАҚ өкілдерінің қатысуымен брифинг өткізіп, нағыз ақпарат алаңына айналуда.
Бүгін Шымкент қаласы полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаханбетов құқық бұзушылықтың алдын алу және қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша БАҚ өкілдерімен бірге баспасөз брифингін өткізді, деп хабарлайды «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі Т.Қасымовтың материалына сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Шымкент қалалық әкімдігінің ақпараттық — коммуникациялық орталығында өткен жиында анық болғаны, жыл басынан бері алдын алу іс-шаралардың нәтижесінде қалада тіркелген қылмыстардың саны өткен жылмен салыстырғанда 11856-дан 10314-ке, яғни 13 пайызға төмендеген. Департамент басшысы қылмыстардың ашылу пайызы 32-ден 35-ке жақсарғанын атап өтті. Жалпы анықталған әкімшілік құқық бұзушылықтар 77 пайызға жоғарылап, бүгінгі таңда 1 млрд 534 млн теңгеге айыппұл салынған. Оның 785 млн 778 мың теңгесі өндірілген.