Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын қорғау: 72 мекемеге айыппұл салынған, деп хабарлайды «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі Т.Қасымовтың материалына сілтеме жасаған didarbek.kz.
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші — қон Комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Аманжол Нұрсейітов қалалық әкімдіктің ақпараттық — коммуникация орталығында өткен баспасөз брифингінде атқарылған жұмыстарды таразылдап, алдағын жоспарларын баяндап берді.
Жалпы, департаментте зейнетақы мен жәрдемақыларды және басқа да әлеуметтік төлемдерді тағайындау жұмыстары бойынша 13 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. 2019 жылдың 9 айында 34,9 мың адамға әлеуметтік төлем тағайындалған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға көбейген.
Аманжол Елікбайұлы Шымкент қаласы бойынша мүгедектердің орталықтандырылған дерекқоры ақпараттық жүйесінің мәліметіне сәйкес, бүгінге дейін 36,2 мың мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелгенін атап өтті. Оның ішінде 30,2 мың – ересектер, ал 18 жасқа дейінгі балалар саны — 5,9 мың.
– Бақылау жұмыстарына сәйкес, мүмкіндігі шектеулі азаматтар саны өскені байқалып отыр. Оған қала аумағына 40 елдімекен қосылғанының да әсері бар. Жалпы соңғы кездері динамикалық өсу байқалады. 9 айда 12 мың осындай азаматты сараптамадан өткіздік, – деді департамент басшысы.
Департамент тарапынан 2019 жылдың 9 айында 109 тексеру тағайындалған. Оның ішінде жоспардан тыс тексеру – 84, профилактикалық тексеру түрі – 19. Тексерудің қорытындылары бойынша 83 мекемеге нұсқама берілсе, 72 мекемеге айыппұл салынған. Барлық салынған айыппұл соммасы 10 млн 895 мың теңге көлемінде. Оның 8 млн 65 мың теңгесі өндірілді.
Сондай-ақ, департамент басшысы атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерін түсіндіріп берді. Қазақстан Республикасы Президенті Жолдауында айтылған тапсырмаларға орай, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл тұрғыда жоспарлы іс-шараларды атқаруда.