Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Шымкентте қалалық мәслихат хатшысы Ғани Ташқараевтың бастамасымен жастар мәслихаты құрылды. Мұндағы негізгі мақсат – жастар арасындағы өзекті мәселелерді талқылап, шешу жолдарын ұсыну және шешілуіне ықпал ету. Сондай-ақ, жастар арасындағы ерте жүктілік, суицид, нашақорлық, ішімдік мәселелеріне қатысты бірқатар профилактикалық жұмыстар жүргізу, олардың арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру болып табылады.
Бүгін аталмыш депутаттар алғаш рет Шымкент әкімі Ерлан Айтахановпен кездесті. Кездесуде шаһар басшысы жастарға бірнеше бағыт-бағдар берді.
«Биыл – жастар жылы. Осынау айтулы уақытта бастаған бастамаларыңыз көңіл қуантады. Себебі, «жастар мәслихаты» сіздер үшін тәжірибе мен тәртіпке үйретер үлкен институт болады деп ойлаймын. Ендігі кезекте сіздер қоғамда болып жатқан барлық жайттарға, қаланың өсіп-өркендеуіне ат салысып, етене жұмыс істейді деген сенімдемін. Тіл үйреніп, шетелден инвестор тарту бойынша да еңбектену керек. Жастардың жаңашыл ойлары мен пікірлері біз үшін маңызды» деді Ерлан Қуанышұлы.
Өз кезегінде жиында сөз алған мәслихат хатшысы Ғ.Ташқараев базалық қалыптасқан жастар мәслихатының депутаттарын қалалық мәслихат сессияларына қатыстыртып, Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуына, мемлекеттік бағдарламалар мен көрсетілетін қызметтер бойынша ақпараттық насихаттау жұмыстарын жүргізуге шақырды.
Сондай-ақ, кездесуде жас депутаттар шағын және орта бизнесті дамыту, жастар денсаулығы бойынша өз ұсыныс-пікірлерін айтты.
Жиын соңында шаһар басшысы жастар мәслихатының депутаттарына арнайы төсбелгі табыстады.
Айта кетейік, құрамында 29 депутаты бар жастар мәслихатында мектеп оқушылары, белсенді студенттер, жеке кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бар.