Облыстық опера және балет театрында Латиф Хамиди мен Ахмет Жұбановтың «Абай» операсы сахналанды, деп жазады «OŃTÚSTIK арнасы» телеарнасының тілшісі П.Ортайдың материалына сілтеме жасаған didarbek.kz. Ауқымы кең спектакль ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойының құрметіне арналып отыр.
Операда Абайдың өмір сүрген заманы мен ондағы қоғамдық көрініс, әлеуметтің тұрмысы, бай мен кедейдің арасындағы таптық бөлініс шебер сомдалады. Сонымен қатар, шығармада жақсылық пен зұлымдық, яғни, алдыңғы қатарлы озық ой мен кертартпа күш көрініс табады.
«Абай» операсын еліміздің өнер саңлақтары сахналады. Қойылым 4 көріністен тұрады. Абайды сомдау халықаралық байқаулардың лауреаты Марат Оразметовке жүктелген. Қазақтың ұлы ақынының рөлінде ойнау мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік,-дейді ол.
Марат Оразметов – Түркістан облыстық опера және балет театрының солисті: Әрбір өнер адамы үшін, әрбір актер үшін, әрбір орындаушы үшін бұл тұлғаны ойнау – оңай емес. Оны сомдау, оны алып шығу оңай емес. Әрбір орындаушы үшін осындай тұлғаларды алып шығу, елге дәріптей алу үлкен жауапкершілік.
Оқиға желісі бойынша ақын Абайдың қоғамдағы түйткілді мәселелерге көз жұмбай, керісінше, халықтың мүддесі үшін күресуі көрініс тапқан. Және қос ғашық Айдар мен Ажардың риясыз сезімдері де баяндалады. Қуантарлығы — көрермендер залында аға буын емес, жастардың да қарасы қалың.