Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Руханият » ТӨЛЕБИДЕ МАҒЫНАЛЫ ДА МӘНДІ СЕМИНАР ӨТТІ

ТӨЛЕБИДЕ МАҒЫНАЛЫ ДА МӘНДІ СЕМИНАР ӨТТІ

Төлеби ауданы, Тастұмсық ауылдық округінде «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» атты әжелер семинары болып өтті. Өнегелі игі шара аудандық әжелер алқасының төрайымы Гүлбибі Ешенқұлованың бастауымен Түлкібас кентінде өтіп еді.

Енді Тастұмсық ауылдық округінде жалғасын тапты. Тағылымы мол іс-шараны ауылдық әжелер алқасының төрайымы Бибан Жұмағұлова және оның мүшесі Сапаркүл Дулатова ұйымдастырды. Семинар «Ұмай әже» әжелер алқасының жұмысымен таныстырудан басталды. Семинарға ауыл әкімі Қайрат Сарсенбаев, ауылдық қоғамдық кеңесінің төрағасы Әбдікәрім Төлемісов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бауыржан Мақұлбеков, аудандық аналар кеңесінің мүшесі Бейсенкүл Байғарашева, аудандық «Шабыт» әдеби бірлестігінің төрағасы Ерғали Жүсіпбеков, Келтемашат округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Оңласын Құлыбеков және басқа ауылдық округтардың әжелер алқасының төрайымдары қатысты. М.Лермонтов атындағы жалпы орта мектебінің оқушылары ұлы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай «Абайдың медреседен келуі» атты көріністі шынайы көрсетті. Бұл көріністі Қабанбай ШЖНОМ-ның «Әкеңе не жасасаң, алдыңа сол келер» көрінісі толықтырды. «Ұмай әже» әжелер алқасын ұйымдастырумен «Ат қою» атты тамаша көрінісі қойылды. Осы көріністер көпшілікке терең ой, мәнді түсінік қалдырғаны сөзсіз.
Қазақ халқының салт-дәстүрлері жасөспірім балалардың, жастардың ой — санасын қалыптастыруға тигізер әсері мол. Бүгінгі жастар кимешек тағынып, бүрмелі көйлек киген әжелерімізден үлгі алып, бой түзері анық. Ұлттық тәрбиенің бүгінгі жастарға өте қажеттігін осы іс-шараға қатысқандар терең түсініп тарқасты.

Марияш БОЖБАНОВА, аудандық әжелер алқасының мүшесі.

Пікір жазу