Леңгір қаласындағы спорт кешенінде зілтемірді жатып көтеруден облыстық ашық біріншіліктің жалауы желбіреді. Жеңістің 75 жылдығы мен ауған соғысы ардагерлерінің құрметіне орайластырылған бәсекеге білегі мықты сайыпқырандар қатысты. Осы сайыста топ жарғандар облыс құрамасының сапында өнер көрсететін болады, деп жазады «OŃTÚSTIK арнасы» телеарнасының тілшісі Н.Әдбірашиттің материалына сілтеме жасаған didarbek.kz.
Жарыс облыс құрамасын іріктеу болғандықтар спортшылар барын салып бақты. Дегенмен бұндай сайыста бабы келген епті мен білектілер ғана жеңері анық. Сондықтан жарысқа қатысушылардың жан-жақты дайындықпен келгені көрініп тұр. Өз кезегінде №2 облыстық олимпиада спорт мектебі директорының орынбасары Пернебек Құлтаев соңғы кездері өңірімізде пауерлифтингтің жоғары дейгейде дамып келе жатқанын атап өтті.
ТҰРАП ТАДЖИЕВ, ПАУЭРЛИФТИНГТЕН ОБЛЫСЫМЫЗДЫҢ АҒА БАПКЕРІ: Бұл жарыс іріктеу сайысы болғандықтан жоғары деңгейде өтіп жатқан чемпионат негізі пауерлифтингтен облыс құрамасын жасақтау болып табылады.
Жеңіс туын желбіреткен майдангерлер мен Ауған соғысы ардагерлерінің құрметіне орайластырылған сайыста аға буын өкілдері жастарға қайсарлық пен ерліктің үлгісін насихаттап, екбектің арқасында ғана өмірде де, спортта да биік белестерге жетуге болатынын айтты. Осы сында топ жарған жастар облыстық құрамаға алынады. Олар алдағы уақытта олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында ел намысын қорғайтын болады.