Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ТАҒЫЛЫМДЫ ТӘРТІП САҚШЫСЫ

ТАҒЫЛЫМДЫ ТӘРТІП САҚШЫСЫ

Учаскелік полиция инспекторы Еркін Махановтың күнделікті жұмысы өзіне бекітілген аумақтағы көшелерді аралап, халықтың жағдайын білуден басталады. Профилактикалық шаралар атқарып, қылмыстың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүрігізеді. Қоғамның тыныштығын сақтау мақсатында, ел ішіндегі мәселелермен етене танысып шығады.
Тәртіп сақшысына бекітіліп берілген аумақта төрт мектеп және төрт елді мекен бар. Күнделікті әдетімен бүгінде инспектор көшелерді аралап, ел жұртпен кездесуге шықты.
— Ел ішіндегі мәселелерді көбінесе әлеуметтік желіден біліп отырамыз. Тұрғындармен тығыз байланыс орнату мақсатында ватсап желісінде ашылған арнайы чат бар. Онда кез келген мәселені талқылап, кеңес беріп отырамыз. Тұрғындар желі арқылы аймақта қалыптасқан қылмыстық жағдайға қатысты өз ойларын ашық айта алады – дейді ол.
Еркін Ергешбайұлы Отырар ауданындағы Шәуілдір ауылының тумасы. Жергілікті жерде орта білім алған ол, жоғары білімді Шымкентте оқыған. Алғашында өнер факультетін бітіріп, мектепте ұстаздық еткен. Кейіннен «Заңгер» мамандығын меңгеріп, бала күнгі полиция боламын деген арманына қол жеткізеді.
Еңбек жолын аудандық полиция бөлімінің тылды қамтамасыз ету полицейі болып бастаған. Кейіннен уақытша ұстаз изоляторында еңбек етеді. Бірнеше уақыт кинеолог болады. Қазір учаскелік полиция инспекторы ретінде абыройлы қызмет етуде. Жауапкершілігі жоғары жұмысқа бел шеше кірісетін кәнігі маман, қай қызметте болсын қырағылығымен танылып, басшылар тарапынан марапаттарға ұсынылып отырған.
— Полицей – біліктілігі мен білімі жоғары, әрі тәжірибелі болуы керек. Сондықтан жас полицейлер алдымен тәжірибе жинағаны дұрыс. Халыққа қызмет ету жүрекпен атқарылатын жұмыс. Сондықтан әрдайым халыққа жақын болып, мәселелерін дер кезінде қарап, шешім шығарып отырғаны жөн — дейді ол.
Полиция капитанының метал өңдеу ісін де жақсы меңгерген. Университетте оқып жүргенде жасаған түрлі зергерлік бұйымдары бар. Сурет де жақсы салады. Өмірі өнерге жақын полиция қызметкерін өңірдегі мерейлі отбасының бірі деп біледі.
Еркін Маханов бос уақытын отбасымен өткізеді. Өсіріп отырған бес қыз, екі ұлы әкесінің жұмыстан қайтқан уақытын тағатсыздана күтіп отырады. Әсіресе, екі жасар Аяжан әкесімен ойнағанды құп көреді. Жұбайымен бірге әрдайым балаларының сабақтарын бақылап, тәрбиесін қадағалап отырады. Ұлдары әкесінен қарап бой түзесе, қыздары тәрбиесінен тәлім алуда.

©Қайрат ЗАЙНИШЕВ

Пікір жазу