Еуроодаққа кіретін 12 мемлекеттің елшілер «Шымкентцемент» АҚ зауытына барды. Қонақтарды күтіп алған зауыт басшысы Шишка Збигнев кәсіпорынның жұмысымен таныстырды. Аталмыш кәсіпорын шетелдік инвестицияның көмегімен жаңғырту процесінен өтіп, бүгінде ішкі нарықты отандық цемент өнімімен қамтамасыз етіп отырған бірден-бір өндіріс орны. Бұрын бұл зауытта цемент ескі әдіспен шығарылатын. Соның салдарынан қаланың экологиясына әжептеуір зиян келтіретін. Қазір құрғақ әдіспен цемент алу әдісіне көшкелі қоршаған ортаға тасталатын зиянды заттар да азайған. Есесіне, цементтің де сапасы жоғарылап, нарықтағы сұранысы біршама артты.
– Шымкент қаласына бірінші мәрте келуім емес, мұның алдында да осыдан бір жыл бұрын осы зауыттың жұмысын көріп қайтқанмын. Кәсіпорын нағыз заманауи, прогреске бет түзеген өндіріс ошағы саналады. Жылдан-жылға өндірісі модернизациядан өтіп жатқаны ерекше қуантады. Менімен бірге еуроодақтың 11 мемлекетінің елшілері де келді. Олар осындағы кәсіпорындарға инвестиция құюдың мүмкіндіктерін саралап көрмек ниетте. Иә, бір байқағаным Қазақстанның ең ірі қалаларының бірі Шымкентке инвестиция салуға болады екен.
Өйткені мұнда көптеген өндіріс орындары шоғырланған, жұмысшы күші көп, климаты да адамдарға қолайлы. Германия елі бұл зауытқа инвестиция жұмсады. Соның арқасында екі ел де табысқа кенеліп отыр. Әсіресе, отандық цементтің құрылыс саласын дамытуға қосар үлесі қомақты. Осы күнге шейін Германия мемлекетінен Қазақстан экономикасына 16 миллиард доллардан астам инвестиция тартылды. Қос елдің достық рәуіштегі қарым-қатынасы бұдан әрі қарай да нығая беретініне сенім мол, – деді Германияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Тило Йоханнес Клиннер.
© DIDARBEK.kz