Шымкент қаласының туристік нысандарына қызығушылық күннен күнге артуда. Бұл жолы Шымқалаға туристік мақсатта солтүстік өңірден бір топ БАҚ өкілдері келді. Олардың қатарында Қостанай мен Павлодар облысынан келген журналист, блогерлер бар.
БАҚ өкілдері үшін бұл саяхатты «Fly Arystan» әуе компаниясының қолдауымен Шымкент қаласының туризм басқармасы ұйымдастырды.
Өзге өңірден келген қонақтар «Қылует» этнографикалық мұражайына, ұлттық өнерді дәріптеген Бейсбековтер отбасының сурет көрмесіне, ескі қалашық Цитадельге, сондай-ақ Арбат, этноауыл, Бәйдібек би ескерткіші секілді танымдық орындар мен көрікті жерлерді аралады.
Мұнан соң теріскейлік әріптестер қала әкімінің орынбасары М.Исаховтың қатысуымен өткен конференцияға қатысты.
«Шымкент – Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан көне шаһар. Ол бүкіл оңтүстік өңір үшін туристік орталық бола алады. Себебі мұндағы климаттың алуан түрлілігі, Түркістан, Тараз, Ташкент, Самарқанд секілді ірі тарихи қалалардың жанында сәтті орналасуы қаладағы туризмнің дамуына өз үлесін қосады» – деді конференцияда Мақсұт Исахов.
Өз кезегінде турист-журналистер ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдірді.
©Өз тілшімізден