Екі өңір туризм саласын бірлесе, біртұтас бағыт ретінде дамытпақ. Түркістан облысы мен Шымкент қаласының туризм басқармаларының басшылары өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өзара меморандумға қол қойып, екі жақты келісімге келді. Ондағы мақсат – Түркістан облысы мен Шымкент қаласын біртұтас туристік бағыт ретінде одан әрі дамыту.
Шымкент қаласының туризм басқармасының басшысы Олжас Шинтаев меморандум аясында тиісті келісімге келіп, алдағы уақытта іске асырылатын ортақ жобалардың кестесі жасалғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ, бұл құжат бірыңғай туристік өнімді қалыптастыруға және ілгерілетуге, одан бөлек инфрақұрылымды жетілдіруге мол мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қол қою рәсімінде Түркістан облыстық туризм басқармасының басшысы Гүлмира Ахбердиева екі аймақтың ерекшеліктері мен туристік әлеуетін пайдалана отырып, болашақта түрлі бағыттағы туристерді тартудың ірі орталықтарының біріне айналатынына сенім білдірді.
Өңірлерде туризмнің тарихи-мәдени, экологиялық, экстремалды, гастрономиялық және басқа да түрлерін дамытуға зор мүмкіндік бар.
© DIDARBEK.kz