Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕДІ

ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕДІ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің кезекті сессиясының ашылуында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында дәрігерлерге, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне және еріктілердің еңбегіне айрықша тоқтала отырып, алғыс айтты. Расында да елімізге келген ауыр індетке қарсы күресте біздің әріптестеріміз – медицина мамандары майданның алғы шебінде ерлікке пара-пар еңбектің үлгісін көрсете білді. Дегенмен, Президенттің алғысы денсаулық сақтау саласының мамандарына үлкен жауапкершілік жүктейді.

«Елімізде жер жаһанда зор қауіп төндірген пандемияға қарсы күрес әлі де жалғасуда. Біз азаматтардың өмірін және денсаулығын қорғау үшін бар күш-жігерімізді біріктірдік. Осындай сын сағатта ынтымағы жарасқан халқымыз жұдырықтай жұмылды. Індетпен күрес дана халқымызға тән асыл қасиеттердің арқасында жүзеге асты. Өзгеге қол ұшын созып, тілеулес болып, тосыннан келген кеселге қарсы тұру маңызды екені анық байқалды» деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жұрт болып жұмылып, тәртіпке бас ие отырып, індеттің бетін қайтара бастағанымызбен, арқаны кеңге салуға әлі ерте. Сондықтанда елдегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтаудың басты негізі – азаматтарымыдың денсаулығын жіті бақылау, аурудың алдын алу шараларын ұйымдастыра білу. Әрбір азаматтың салауатты өмір салтын құруына ықпал ететіндей насихаттық жұмыстарды жандандыру жалғаса бермек.

ҚР Президенті пандемия дерті бізде ғана емес барлық мемлекеттер үшін сынақ кезеңіне айналғанын атап айтты. «Олар індетпен күрес жолында көп қиындықты бастан өткізіп жатыр. Бір жерде ахуал тұрақтанса, екіншісінде вирустың жаңа ошақтары пайда болуда. Ең бастысы азаматтардан еш нәрсені жасырмай, індеттен қайтыс болғандар туралы ақпараттың барлығын ашық жариялады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Шымкент қаласы бойынша қауіпті дертке қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар мен ауырған азаматтар туралы, емделіп, дертінен құлан таза айыққандар жайлы мәліметтер бұқаралық ақпарат құралдарында ұдайы ашық айтылып, жарияланып келеді.

Айта кету керек, соңғы екі айдан аса инфекциялық стационар болып жұмыс істеген «Асар» шағынауданындағы балалар клиникалық ауруханасына 107 науқас түскен. Оның ішінде 98 балада коронавирус инфекциясы анықталған. Науқас балаларға провизорлық стационардағы 20-ға жуық қызметкер тәулік бойы емдеу шараларын үздіксіз жүргізді. Нәтижесінде балалар ауруханасындағы стационарда өлім жағдайы тіркелмеді.

Айта кететін жайт, балаларға арналған провизорлық орталықта пульмонолог, травматолог, хирург, невролог, нейрохирург, аллерголог сынды бейінді дәрігерлер қызмет атқарады.

Тимирхан ВАРЗИЛОВ,
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы

 

Пікір жазу