Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты бүгінгі Жолдауында медицина қызметкерлерін қолдау бағытында көп бастамалар көтерді.
Атап айтқанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы дәрігерлердің жалақысы еліміздегі орташа жалақыдан 2 есе жоғары болады. Биылғы ІІ жартыжылдықта пандемиямен күрескен медицина саласының мамандарына көтермелеу ретінде қазынадан 150 млрд. теңге қосымша қаражат бөлінеді. Ал 2025 жылға қарай еліміз бойынша 20 заманауи медициналық орталық салынады. Сонымен бірге індет кезінде аса қажеттілік тудырған эпидемиолог, реаниматолог, пульманолог, инфекционист, кардиолог сынды мамандар даярлауға көбірек көңіл бөлінбек. Мемлекет халықтың орташа өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа ұлғайтуды қолға алады. Сонымен қатар шалғайдағы ауылдарда халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында транспорттық медицинаны дамыту жүзеге асатын болады.
Осынау игіліктер келешекте отандық денсаулық сақтау саласын өрге бастырады деген ойдамыз. Жалпы медицинаның ұлт болашағында маңызды рөл ойнайтынын бүгінгі пандемия анық көрсетіп берді. Сондықтан Президенттің Жолдауда бұл салаға айрықша тоқталуы елдің келешегіне деген қамқорлықты білдіреді.
Гүлнар ҚҰРМАНБЕКОВА,
Шымкент қалалық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері