Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жариялады. Президент Парламент палаталарының бірлескен отырысында алдымен дәрігерлерге, құқық қорғау саласының қызметкерлері мен еріктілерге алғыс айтты. Бұл алғыс бүкіл елдің атынан айтылған алғыс болды деп есептеймін. Себебі, індетпен күрес кезінде ең басты ауыртпалық осы мамандарға түсті.
Жалпы, бұл жолғы Жолдау пандемиядан кейін жарияланған ерекше Жолдау болды деп есептеймін. Себебі, пандемиядан кейінгі дағдарыс тек елімізді ғана емес, дүниежүзін қамтымақ. Әлемдік сарапшылар осынау індеттің салдары экономикаға жағымсыз әсер етеді деп болжап отыр. Мемлекет басшысы Жолдауында осы дағдарыстан шығудың нақты жолдарын ұсынды.
Соның бірі – шенеуніктер мен квазимемлекеттік сектордағы мамандар санын қысқарту арқылы үнемделген қаржыны сол салада ауқымды еңбек еткен қызметкерлерге балдық шкаламен жалақы ретінде төлеу. Бұған қоса ауыл-аймақты дамытып, ауыл әкімдерін сайлау мәселесі көтерілді. Себебі, ауыл тіршілігі түзелмей, ел өмірі толық дамыды дей алмаймыз.
Президент Жолдауында қоғамның барлық саласын қамтылып, әдеттегідей, әлеуметтік мәселелерге ерекше мән берілді. Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласы басты назарда тұр. Осыған орай барлық дәрі-дәрмек пен медициналық құралдар елімізде шығарылуы тиіс, деді Мемлекет басшысы. Ал дәрігерлердің жалақысы алдағы уақытта көтерілмек. Мұғалімдердің еңбекақысы да өсіріледі.
Президенттің тапсырмасы бойынша пандемиямен күрес жөнінде кешенді бағдарлама дайындалады. Алдағы уақытта әлеуметтік кодекс әзірленіп, 2023 жылға дейін әлеуметтік төлемдерді индексациялауға 1 трлн теңге бөлінбек.
Мұның барлығын жүзеге асыру үшін кедергі болуы мүмкін сыбайлас жемқорлық қауіптерін толық жоюымыз керек. Президент Жолдауында бұл мәселеге де тоқталып, құқық қорғау салаларын жетілдіру жолдарын атап өтті. Оған қоса өскелең ұрпақты отаншыл, елін сүйер азамат ретінде тәрбиелеуіміз керек. Себебі, ел өміріндегі игі өзгерістерді жүзеге асыратын да сіз бен біз.
Дария ҚОЖАМЖАРОВА,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры