Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » ЖОЛДАУДА АЙТЫЛҒАН МӘСЕЛЕЛЕРДІ БІРЛЕСЕ ШЕШУГЕ АТСАЛЫСАМЫЗ

ЖОЛДАУДА АЙТЫЛҒАН МӘСЕЛЕЛЕРДІ БІРЛЕСЕ ШЕШУГЕ АТСАЛЫСАМЫЗ

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Президент білім және ғылым саласына жаңа нақты міндеттер қойды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев әлемді жайлаған індеттің салдарынан қайтыс болған адамдардың тағдыры бей-жай қалдырмайтынын, әлі де босаңсуға болмайтынын айтты.

«ДДСҰ болжамы бойынша пандемияны жеңу үшін кем дегенде 2 жыл қажет. Алдағы айларда күш-жігерімізді барынша жұмылдыра жұмыс істейтін боламыз. Осыған дайын болуымыз керек. Мәселе туындаған кезде ғана шұғыл қимылдамай, алдын ала шаралар қабылдап, барлығын жан-жақты ойластыруымыз керек. Барлық шешімдер мұқият тексерілген болжамдарға негізделген болуы тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Қазіргі күрделі жағдайда еліміз қиындықтарды бастан өткеріп, еңсеріп жатыр. Пандемия өмір сүру дағдымызды өзгерткенімен, елді жайлаған дерт толық ауыздықталған жоқ. Бір өңірде жағдай тұрақтанса, бір өңірлерде қайтадан пайда болып жатыр. Бұл көпшіліктің санитарлық-эпидемиялық талаптарды ескермеуінен туындауда.

Осы орайда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық инфрақұрылымды дамыту жұмысына да тоқталып өтті. Жыл соңына дейін ел аумағында 13 жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынып, денсаулық сақтау саласына арналған 20 заманауи көпсалалы нысан пайдалануға берілетінін атап өтті.

Жалпы Жолдауда ел экономикасын және халықтың әл-әуқатын одан әрі жақсарту бойынша жаңалықтар өте көп. Енді сол алға қойған міндеттерді бірлесе, жүзеге асыруымыз керек.
Сәрсен ПЕРНЕБЕКОВ,
Қалалық №2 аурухананың бас дәрігері

 

Пікір жазу