Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында қолжетімді әрі сапалы білімге де баса мән берді. Коронавирус індетінің салдарынан қашықтан оқуға көшкен мектеп оқушылары мен студенттердің оқыту ісін ұйымдастыруда кеткен қателіктерін ашық көрсетті. Нақтырақ, әлі күнге дейін нақты бір онлайн-платформа жоқ екенін, мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар күндіз-түні «WhatsApp»-тан бас көтермейтініне еш бүкпесіз тоқталды.
Президент Үкімет пен Білім және ғылым министрлігіне толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ, «санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлеген жөн», — деді. Демек, онлайн оқуды құп көрмейтін ата-аналардың қуанатын күні алыс емес деген сөз.
Күнделікті мәселелерді шешумен қатар, балалардың бәріне бірдей мүмкіндік туғызу үшін жүйелі шаралар қабылданбақ. Балаларымыз қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да сапалы білім алуы керектігі басты нысанаға алынып отыр.
Ал ұстаздар мәселесі де Президент назарынан тыс қалмапты. Білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы. 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысы 25 пайызға көбеймек. «Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді». Бұл оқытушылар құрамы үшін керемет жаңалық! «Еңбегі кенеулінің – есімі елеулі» деп осындайда айтсақ жарасады.
Мектепке дейінгі білім беру де өзекті мәселе. Президент 2025 жылға дейін 6 жасқа дейінгі балалар 100 пайыз мектепке дейінгі тәрбие мен білім берумен қамтамасыз етілмек. Яғни, енді балаңыз балабақшаға бармаса, мектепке жол жабық деген сөз.
Сонымен бірге өскелең ұрпақтың спорттық, шығармашылық әлеуетін дұрыс пайдалану туралы да айтылды. Жас өскіндердің шығармашылық пен қолөнерді үйренуі үшін арнайы балалар үйірмесін қайта жаңғырту керек. Өйткені, жаңа заманның Z-ұрпақтарын белгілі бір іспен шұғылдануға баулымасақ, қазіргі нақты жағдаяттар оларға кері әсер етуі мүмкін. Президент жергілікті әкімдердің жұмысымен осы критерийлерге қарап та бағалайтынын ескерте кетті.
Жолдауда айтылған өзекті мәселелердің шешімін Сіз бен Біз болып, бірге табатынымызға сенемін.
Жанат ТӘЖИЕВА, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы