Биылғы жаңа Жолдауды талқылап, ондағы айтылған мәселелер төңірегінде ой түйдік. Мемлекет басшысы қазіргі кезде еліміздің қарқынды дамуы жолында әлемдік індеттің келтірген залалынан шығу үшін алдын ала шаралар қабылдап, барлығын жан-жақты ойластырып жұмыс істеуге шақырып отыр. Иә, аталған індет тек қана біздің елді емес, әлемді шарпығаны бәрімізге белгілі. Әсіресе медицина саласы қиындыққа тап болып, көптеген мәселе туындады. Осы жөнінде Президент медициналық инфрақұрылымды дамытып, барлық негізгі дәрі-дәрмектер мен медицина бұйымдарын Қазақстанда өндіріп, отандық фармацевтика саласын аяғынан тік тұрғызу керектігін қадап айтты. «Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі» деп, сөзін нақтылады. Осы орайда өз ойымызды білдірсек, көтерілген мәселе – құптарлық іс.
Сондай-ақ, 2023 жылы дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан екі есе артық болатындығы әріптестерімді қуантып отыр. Оған қоса Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 2 көп салалы медициналық орталық пен жыл соңына дейін еліміздің аймақтарында 13 жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынатындығы айтылды. Ал 2025 жылы денсаулық сақтау саласына арналған 20 заманауи көп салалы нысан пайдалануға берілетіні сөз болды. Бұл инновациялық өсім мен қолданбалы медицинаның дамуына тың серпін беретіні сөзсіз. Осы ретте айта кетсек, дәрігер мамандарды дайындауда, әсіресе эпидемиолог, инфекционист, реаниматолог, пульмонолог, кардиолог сияқты мамандарды көптеп дайындау керектігі пандемия кезінде қатты білінді. Жолдауға сүйенсек, болашақта бұл олқылықтардың орнын толтыру үшін қажетті бағдарламалар дайындалып, соның негізінде ауқымды жұмыстар атқарылатыны анық көрінді. Яғни, жаңа Жолдау оған басты бағыт-бағдар болмақ.
Серік МЫҢБАЕВ,
Шымкент қалалық Психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері