Шымкент қаласының Еңбекші ауданы аумағында карантиндік талаптардың сақталуы бойынша мобильдік топ құрылған. Жұмысшы топ аудан аумағындағы халық көп шоғырланатын орындарда, әсіресе ірі сауда орындары, базарлар мен қоғамдық автокөліктерде мониторинг жұмыстарын жүргізді.
Ағымдағы жылдың 20 шілдесінен бастап бүгінге дейін карантин режимін бұзған 115 коммерциялық нысанға (36 азық-түлік және азық-түліктік емес дүкен, 25 қоғамдық тамақтану орны, 11 монша, спа орталықтары, 8 компютерлік ойынхана, 7 автожуу бекеті, басқа да объектілер) хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
Іс-шара барысында бетперделік режимді сақтамау, қолғаптар қолданбау, уақыт режимін бұзу сынды заңсыздықтар анықталды.
Жалпы, медицина мамандарының айтуынша карантин талаптарын қатаң сақтап, бірқатар ережелерді ұстану арқылы адам вирустық инфекцияның жұғуынан сақтана алады. Атап айтқанда қолды жиі сабындап жуу, медициналық маска тағып, оны екі сағат сайын ауыстырып отыру, адам көп жиналған жерлерге бармау, жуылмаған жеміс-жидектерді, шикі сүт өнімдерін, шала піскен ет тағамдарын жемеу.