Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » ШЫМКЕНТ: АШЫҚ ПІКІРСАЙЫС ЖАЛҒАСУДА

ШЫМКЕНТ: АШЫҚ ПІКІРСАЙЫС ЖАЛҒАСУДА

Шымкент қаласында «Nur Otan» партиясының сайлауы – праймеризге қатысушы үміткерлер арасында ашық пікірсайыс іс-шарасы басталды. Соның алғашқысы – Шымкент қаласы Абай ауданынан сайлауға түсіп жатқан кандидаттар арасында өтті.

Іс-шараға «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Мұрат Әйтенов және аталған партияның қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов қатысты.

Пікірсайыстың алғашқы кезеңінде қатысушылар алдымен өздерінің сайлауалды бағдарламасын жұртқа таныстырды. Үміткердің бірі Шыңғыс Қозбақов қалаға Түркістан облысынан қосылған елді мекендердің коммуналдық мәселесін түбегейлі шешуге, осы салаға бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылауға алуға уәде берді. Тағы бір кандидат Жанель Жұмалинова сайлаудан өткен жағдайда барлық оңалту бағдарламаларына қатысты қызмет түрлерін цифрландыруға, баспана алудағы алғашқы жарнаны алып тастауға, баспана нарығынан ескі үйлерді сатып алу мүмкіндігін кеңейтуге, инклюзивті сыныптар мен секциялар ашып, ата-аналардың да педагог ретінде бала тәрбиесіне қатысуға, бұқаралық спортты дамытып, әйелдер кәсіпкерлігін қолға алуға күш салатынын жеткізді.

Сонымен қатар, пікірсайысқа қатысушы Анжила Ирисметова отбасының жүгін арқалап жүрген жалғызбасты әйелдердің мәселесін оңтайлы шешуге күш-жігерін аямауға сөз берді. Ал келесі үміткер Ауған соғысының ардагері Ғалымжан Майханов депутаттық мінберден көптеген әлеуметтік проблемаларды көтеретінін айтып, өскелең ұрпақты әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу мәселесіне көңіл бөлетінін баяндады.

Ашық пікірсайыстың алғашқы кезеңі аяқталған соң, сұрақ-жауап бөлімінде үміткерлер бір-біріне өздерінің таныстырған бағдарламалары бойынша сауалдар қойып, тиісті жауаптар алды.

Пікірсайыс соңында сөз алған Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов үміткерлерге алдағы сайлау додасында жеңіске жетулеріне тілектестік білдірді. Шаһар басшысы өз сөзінде «Nur Otan» партиясының төрағасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен партия ішінен кіл мықтыларды іріктеуді көздейтін праймериз сайлау жүйесінің шын мәнісінде лайықтыларды таңдап алуда тиімділігі зор боларына сенетінін жеткізді.

Фото: Б. Сейітжаппар

 

Пікір жазу