Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Тұлға » ПАЛУАНДЫЛЫҚ — ҚАЖЫМҰҚАННЫҢ ТАБИҒИ ТАЛАНТЫ

ПАЛУАНДЫЛЫҚ — ҚАЖЫМҰҚАННЫҢ ТАБИҒИ ТАЛАНТЫ

Қандай тарихи тұлғаны болсын халық тудырады, заманы ширатып жаратады. Қажымұқандай алыптың тарих сахнасына көтерілуі де тегін емес. Арғы тегі Қарақыпшақ Қобыландыдан тарайтын осынау даңқты тұлғаның қалтарысы мен бұлтарысы, қайғысы мен қуанышы қат-қабат, қиын да қызық, жеңісті де жемісті ғибратты ғұмыры — соның айғағы. Қажымұқандай ұлы перзентінің теңдесіз табиғатына, бірегей болмысына тәнті болғаны соншалық, көзін көргендердің ортамызда жүргеніне қарамастан, ел-жұрты палуанның өзін, сөзін, әрбір іс-әрекетін әлдеқашан аңызға айналдырып үлгерді. Осы тұрғыдан алғанда, «Қазақ даласы батырының» өмірбаян деректерінен қайшылықты пікірлердің көрініс беруі заңды болса керек. Қалай дегенмен де бір нәрсе анық: өзі айтпақшы, «жалшыдан шығып, жер жүзіне палуандықпен атын жайған» ондай ғажайып жан қазақ түгілі, күллі Алашта жоқ.

Палуандық — қазақтың бойына біткен нағыз өнер, қасиет. Олай болмаса, бүгінде біз ұлан-байтақ даланы иеленер ме едік? Біздің рухымызды оятқан да, қайнатқан да — күрес.

Палуандық — Қажымұқанның табиғи таланты. Ол ерен күш-қайратының арқасында ғана биіктерді бағындырмаған. Ақыл-парасаты бір басына жетерлік кісі болған. Күш пен ақылға қоса, жүректілік және отансүйгіштік — палуанға аса қажет қасиеттер.

Палуандық — ол кісінің маңдайына біткен бағы. Қажымұқан Алла берген күш-қуатты лайықты пайдалана білген. Өз заманындағы шетелдік мықты палуандармен иық тірестіргені — соның айғағы. Жалпы, палуанға күш пен жігер, ақыл мен айла, қайсарлық пен психологиялық дайындық керек. Атамыз осы айтылғандардың бәрін бойына жия білген.

Қазақта Қажымұқанға дейін ол кісіге теңдесер палуан болмаған. Кейін де шыққан жоқ деп есептеймін. Ол кісіні білмейтін қазақ жоқ. Күш атасының даңқты жолын жас ұрпаққа үлгі етер кітаптар қаншама? Мысалы: «Қажымұқан қанағаты» (Н.Бегалыұлы — 2001), «Күш атасы» (Ғ.Тәшімбетов — 1984, 1990), «Қажымұқан» (Қ.Әбдіқадыров — 1981), «Қажымұхан» (Ә.Бүркітбаев – 1990), «Қажымұқан» (М.Тәнекеев – 1964), «Қажымұқан»  (М.Керейбай – 2006), «Қажымұқан» (Н.Бегалыұлы – 2004), «Қажымұқан» (Ә.Қоңыратбаев), «Қажымұқан» (Қ.Әбдіқадыров), «Қажымұқан» (М.Керейбай – 2006) т.б. мыңдаған естеліктер, өлеңдер мен мақалалар. Күш атасына деген халқының осындай ықылас-пейілі барда ел жадынан ешқашан ұмытылмайтынына сенемін. Дегенмен, біртуар мақтанышымызды дәріптеу жұмыстарын әлі де күшейту керек. Республиканың үлкен қалаларында, облыс орталықтарында ескерткіштер тұрғызылып, көше аттарын берсе нұр үстіне нұр болар еді.

Ешкім чемпион болып туылмайды, өзін-өзі жетілдірудің арқасында ғана жетістіктерге жете алады. Яғни, Қажымұқан атамызды Алла Тағала ерекше етіп жаратып, сын сағаттарында қолдап қана қоймаған. Ол кісі табиғи талантын одан әрі ұштап, дамыта білген. Тынымсыз еңбегінің арқасында «күш атасы», — деген өміршең атты иеленген.

Күрес деген тең қана білектің сыны емес. Палуан үшін күш-қайратқа ғана ие болып қою жеткіліксіз. Сергек ақыл, ұтқыр айла және берік рухани дайындығың болмаса, қарсыласыңнан басым түсе алмайсың. Ал, осы қасиеттердің бәрі Қажымұқан бабамызға тән болған.

Бүгінгі таңда халқымыздың батыры Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі мен өнерін, адамгершілік, кішіпейілділік, қонақжайлылық тағы да басқа қасиеттерін қазіргі тәрбие ісінде қолдануға қолайлы жағдайлар туғызып отыр. Әсіресе ұлттық күрес пен цирк өнерінің қайта жаңғыруына байланысты бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне қажеттілігі нақты сезілуде.

Қажымұқан Мұңайтпасұлының есімі бүгінгі таңда тек қазақ еліне ғана емес, барша әлемге кең танымал екендігіне оның өмірі мен өнері дәлел.

Егер қазақ палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлын қазақ цирк өнерін дамыту еңбегіндегі, жастарға патриоттық тәрбие беру идеяларына талдау берілсе, қазіргі жалпы білім беретін мектептердің оқу-тәрбие үдерісіне қазақ батыры, дара палуаны туралы жазылған оқулықтар мен оқу құралдары заманға сәйкес өңделіп оқушылар қауымына ұсынылса, мұндағы отансүйгіштік, ұлтжандылық тұрғыдағы тәрбие берудің үлгілері, жеткіншек ұрпақтың палуанды жан-жақты танып, ұлағаты мол құндылықтарды бағалауына, өзін-өзі ұлттық рухта, намысқа, мәдениетке тәрбиелеуге, жеке тұлға болып қалыптасуына ықпал жасайтын мүмкіндіктер туар еді.

Қажымұқан Мұңайтпасұлының бойында тұлғалық ерекшелiктер отансүйгiштiк, достық, сыйластық, адалдық, кiшіпейiлдiлiк, туған жер мен тiлге зор құрмет сияқты қасиеттердi табуға болады. Мұндағы отансүйгіштік, ұлтжандылық тұрғыдағы тәрбие берудің үлгілері, жеткіншек ұрпақтың палуанды жан-жақты танып, ұлағаты мол құндылықтарды бағалауына, өзін-өзі ұлттық рухта намысқа, мәдениетке тәрбиелеуге, жеке тұлға болып қалыптасуына ықпал жасайтын құнды деректерімен аса ерекше бағаланады.

Қажекеңнің тек білек күш иесі ғана емес екенін, оның парасатты, ойшыл, намысшыл, зейінді адам болғанын зерттеуші ғалымдарымыз бен көзін көрген ақсақалдарымыз толық растайды.

Бірақ Қажекең қатардағы қазақ емес, тіпті қатардағы палуан емес, әлемге аты шыққан, ғасырда бір туатын тұлғаның шын тұлғасын халқы білуге тиіс. Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Рес­публикасы Орталық Атқару Комитеті Президиумының 1927 жылы арнайы шешімімен Қажымұқанға «Қазақ даласының батыры» деген құрметті атақ берілді.

Патриот ағамыз ел басына ауыр күн туған Отан соғысының отты жылдарында жасының егде тартып қалғаны­на қарамастан, тағы біразаматтық ерлік іс жаса­ды. Ол белін бекем байлап, ел аралап, өнер көрсетіп, одан жинаған қаржыға ұшақ жасатып, майданға жіберді.

Қажымұқанның 150 жылдығын бүкіл халық болып тойласақ, ел намысын әлем жұртшылығы алдында қара нардай көтерген баба рухы алдындағы азаматтық, перзенттік парызымыз. Бұл Қазақстан халқы үшін мақтаныш қана емес, ұрпақтар алдында өнеге болар еді.

Есіркепов Ж.М., Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты. 

 

Пікір жазу